Астанада Жұмысшы мамандықтар жылы мен Еңбек күніне арналған салтанатты рәсім өтті. Іс-шараның басты мақсаты – «Еңбек жолы» және «Парыз» байқауларының өңірлік кезеңдерінің жеңімпаздарын марапаттау, сондай-ақ өз саласының дамуына зор үлес қосқан еңбек адамдарын ұлықтау болды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова, Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден, қала әкімінің орынбасары Ерік Мейірхан, сондай-ақ Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шара барысында еңбек ардагерлері мен өндіріс озаттарына, жас мамандар мен тәлімгерлерге алғыс айтылды.
Ерекше құрмет еңбек әулеттері мен ұстаздық дәстүрді жалғастырып жүрген жандарға көрсетілді – олар жаңа буынды кәсіби білікті маман ретінде қалыптастыруға үлес қосып келеді.
Министр Светлана Жақыпова өз құттықтау сөзінде былай деді:
«2025 жыл – Жұмысшы мамандықтар жылы деп жарияланды. Біздің қоғам мен мемлекеттің ең жоғары құндылығы – еңбек адамы.
Министрлік еңбеккерлердің қауіпсіз жұмыс істеуіне, әлеуметтік кепілдіктер мен құқықтарын қорғауға бағытталған кешенді шараларды жүзеге асырып келеді. Елордада 700 мыңнан астам маман еңбек етсе, 150 мыңнан астам еңбек ардагері тұрады – бұл өзге өңірлерге үлгі».
Жиында еңбек әулеттері мен жас мамандарды қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және жұмысшы мамандықтардың мәртебесін көтеру – елорданың болашағын айқындайтын маңызды бағыт екені айтылды.
Марапаттау рәсімі әсерлі концерттік бағдарламаға ұласып, қатысушыларға ерекше көңіл күй сыйлады.