Түркістан облысында құс еті өндірісіне арналған ең ірі зауыттың құрылысы басталды

1353
Фотосурет: Gov

Түркістан облысы, Түлкібас ауданында қуаттылығы жылына 48 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың құрылысы жүргізілмек. Түлкібас ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Нұралхан Көшеров Жабағылы ауылындағы «Қарқын Трейд» ЖШС-ның құс етін өндіру зауытының капсуласын салу рәсіміне қатысып, жобаның сәтті жүзеге асуына ниет білдірді, деп хабарлайды DKNews.kz.

– Бүгін біз үшін ерекше қуанышты күн. Себебі бір күнде қос бірдей жаңа өндіріс нысандарының құрылысы мен ашылуының куәсі болып отырмыз. Атап айтқанда, Күмісбастау ауылында сусындар өндіретін үлкен зауыт ісе қосылса, Жабағылы ауылында құс шаруашылығын дамытуға бағытталған жаңа құс фабрикасының құрылысы басталғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы ауыл шаруашылығын дамытып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуді тапсырды. Бұл нысандар тек қана кәсіпорын емес, бұл – жаңа жұмыс орындары, заманауи технологиялар, азық-түлік қауіпсіздігі мен өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң ықпалын тигізетін маңызды жобалар. Жаңа фабрика болашақта өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, экспорттық әлеуетімізді де арттыруға мүмкіндік береді, – деді облыс басшысы.

Жобаға жалпы 53,7 млрд. теңге инвестиция тартылмақ. Кәсіпорын жылына 48 мың тоннаға дейін құс етін өндіруді көздеп отыр. Жобаға қолдау көрсету мақсатында «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы тарапынан 5 млрд. теңге несие берілмек. Сонымен қатар мемлекет тарапынан қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары жүргізіледі. Жоба іске қосылғанда 1 200-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Кәсіпорын 517,7 гектар жерде орналасады. Жоба аясында 96 құс фермасын, инкубатор, құрама жем зауыты, газ-электр станциясы, құс сою және қалдық өңдеу цехі және тоңазытқыш қоймалар салу көзделген. Жоба үш кезеңнен тұрады. І кезең 2026-2027 жылдары жүзеге асырылып, 21,9 млрд теңге инвестиция салынбақ. 550 жұмыс орны құрылып, 15 мың тонна өнім өндіру жоспарлануда. Жобаның ІІ кезеңіне (2028-2029 жж.) 15,8 млрд теңге инвестиция тартылып, 325 жұмыс орны ашылмақ. Өндіріліетін өнім көлемі – 24 мың тонна. ІІІ кезең 2029-2030 жылдары жүзеге асырылып, 16 млрд теңге инвестиция салынады. 48 мың тонна өнім өндіріліп, 325 жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Жоба толық іске 2029-2030 жылдары қосылады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -