2025 жылғы 1–10 қазан аралығында еліміздің төрт өңірінде (Атырау, Түркістан, Қарағанды және Абай облыстарында) ТЖМ кәсіби авариялық-құтқару қызметтері мен әскери бөлімдерінің кинологиялық есептоптарына арналған сертификаттау сынақтарының екінші кезеңі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараның негізгі мақсаты – іздестіру-құтқару операцияларына тартылатын кинологиялық есептоптардың кәсіби даярлық деңгейін бағалау, сондай-ақ төтенше жағдайлар кезінде жедел ден қою дайындықтарын растау.
Түркістан облысы Алматы, Қызылорда, Жамбыл облыстары, Алматы және Шымкент қалалары ТЖД, сондай-ақ ТЖМ 28237 әскери бөлімінен келген есептоптар үшін сертификаттау сынақтарының екінші кезеңін өткізу алаңы болды.
Қарағанды облысында Қарағанды және Ұлытау облыстары ТЖД құтқару бөлімшелерінің, сондай-ақ ТЖМ 52859 әскери бөлімінің кинологиялық есептоптары сынақтан өтті.
Атырау облысында Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары ТЖД кинологиялық есептоптары сертификаттау сынағынан өтті.
Абай облысында Абай және Шығыс Қазақстан облыстары ТЖД, сондай-ақ ТЖМ 68303 әскери бөлімінің кинологиялық есептоптары аттестаттауға қатысты.
Сынақ бағдарламасына иттердің бұйрықтарға бағынуы мен ептілігін тексеру, сондай-ақ орманды жерлер мен техногендік үйінділерде зардап шеккендерді іздестіру кірді. Барлық кинологиялық есептоптар жоғары кәсіби деңгейлерін көрсетіп, өз біліктіліктерін растады.
Өткізілген сынақтар ТЖМ кинологиялық есептоптарының жоғары дайындық деңгейін және ең күрделі әрі қысылтаяң жағдайларда тапсырмаларды орындауға дайын екенін растады. Мұндай іс-шаралар құтқару операцияларының сапасын арттыруға және өңірлік деңгейде бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға ықпал етеді.