Елордада «Әскери-стратегиялық зерттеулер орталығы» акционерлік қоғамының ұйымдастыруымен «Заманауи сын-тегеуріндер аясында ұлттық және өңірлік қауіпсіздік» атты III Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Кеңеске Парламенттің, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери дипломатиялық корпустың, жоғары оқу орындарының, мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың, ғылыми қоғамдастықтың өкілдері, одан өзге шетелдік сарапшылар да қатысты.
ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев өз сөзінде қатысушыларға өнімді жұмыс, сындарлы пікірталастар және елімізде, бүкіл әлемде бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті нығайтуға ықпал ететін тың идеялар тіледі. Ол мұндай форум жиналғандарға құнды ғылыми және практикалық әзірлемелермен алмасуға, трансшекаралық қауіптер, сыни инфрақұрылымды қорғау және халықаралық сенімді нығайту мәселелерін талқылауға мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Мемлекеттер мен ғылыми орталықтардың, әскери және азаматтық құрылымдардың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана біз қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-әрекетке қажетті тиімді тетіктерді әзірлеп, болашақ ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете аламыз, – деді министрдің орынбасары.
Конференцияға қатысушылардың баяндамаларында қазіргі заманғы сын-тегеуріндер, соның ішінде трансшекаралық қауіптер, киберқауіптер, климаттық және экономикалық факторларға қатысты қауіптің шекарасы жоқ екені аталды. Осыған байланысты халықаралық ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және бейбітшілік пен тұрақтылық мүддесі үшін күш-жігерді үйлестіре әрекет ету маңызды болып табылады.
Конференцияға «Аймақтық қауіпсіздік тетіктері: қазіргі ахуалдағы халықаралық ұйымдардың тиімділігі», «Трансшекаралық тәуекелдер жағдайында қауіпсіздікті қамтамасыз ету: экологиялық, экономикалық және инфрақұрылымдық сын-тегеуріндер» және «Әскери істегі заманауи технологиялар: жасанды интеллект, ұшқышсыз басқарылатын және роботтандырылған құрылғылар» деп аталатын үш тақырыптық блок кірді.
Пленарлық отырыстар барысында стратегиялық тұрақтылық, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл, қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі технологиялар мен ақпараттық кеңістіктің рөлі, бұдан бөлек осы саладағы халықаралық ынтымақтастықтың перспективалары мәселелері қаралды. Әскери сарапшылар ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған практикалық ұсыныстарды әзірлеу үшін ғылыми талдау мен сараптамалық диалогтың маңыздылығын атап өтті.
Конференция соңында қатысушылардың негізгі қорытындылары мен ұсыныстарын көрсететін қарар қабылданды. III Халықаралық ғылыми-теориялық конференция қазіргі ахуалдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін шешуде тәжірибе алмасудың және жаңа ғылыми тәсілдерді қалыптастырудың маңызды алаңына айналды.