Гиннес рекордының бірегей жетістігі Қазақстанның мәдени мұрасының байлығын айқындады

1188
Фотосурет: Gov

Алматы облысында бір өркешті мың түйеден құралған керуен ресми түрде Гиннестің рекордтар кітабына енді, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бір шақырым қашықтықты жүріп өткен керуен 20 қыркүйекте Іле ауданы, Күрті ауылдық округінің Ақши ауылында ұйымдастырылған болатын.

Әлемдік жетістік сертификатын Гиннестің рекордтар кітабының өкілі Ричард-Уильям Стэннинг табыстады.

Ол қазақстандық жобаның ерекшелігіне ерекше тоқталды:

«Бұл – айрықша жағдай. Өзге елдерде мұндай керуендер әртүрлі адамдардың жануарларынан құралады – бірінде төрт түйе, екіншісінде екі түйе болады. Ал Қазақстанда мың түйенің бәрі бір адамның иелігінде. Бұл – рекордты шынымен де ерекше әрі бірегей етеді. Қазақстан мені таңғалдырды, енді бұл елге турист ретінде де келгім келеді»

Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев те бұл оқиғаның ел үшін маңызын атап өтті:

«Рекордтың ресми түрде мойындалуы – біздің ұлттық рухымыз бен мәдени мұрамызға көрсетілген үлкен құрмет. Мың түйеден құралған керуен халықты біріктіріп, қазақ дәстүрінің символына айналды»

Идея авторы әрі керуен иесі, «Даулет-Бекет» ЖШС директоры Сыдық Даулетов жобаны дайындауға жарты жыл уақыт кеткенін айтты:

«Түйе – еркіндікке үйренген жануар. Мың түйені бірге жинау оңай болған жоқ. Бірақ мақсат пен сенім болса, мүмкін емес дүние жоқ. Алдағы уақытта шұбат фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Халыққа осындай дәстүрімізді жаңғыртатын шаралар қажет»

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -