Тәуелсіз елдің қорғаны – «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына 25 жыл

2189
Фотосурет: Gov

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығына – ширек ғасыр

Тараз қаласында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының құрылғанына 25 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шараға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштердің Бас штабы бастығы генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов, Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Шайх-Хасан Жазықбаев, Құрлық әскерлерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, Бас штаб бастығының орынбасары генерал-майор Асан Жүсіпов және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының басшылығы, әскери қызметшілер мен Қарулы күштердің ардагерлері қатысты.

Іс-шара соғыс батырлары, аңыз қолбасшылар Сағадат Нұрмағамбетов пен Бауыржан Момышұлының ескерткіштеріне гүл қою рәсімінен басталды.

Жеке құрамды құттықтау барысында генерал-лейтенант Сұлтан Камалетдинов «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері антқа адалдықтың, бірліктің және жоғары кәсібиліктің үлгісі екенін атап өтті.

"Жиырма бес жыл – бұл мыңдаған әскери қызметшілер мен офицерлердің қажырлы еңбегі мен жаттығу жылдары. Сіздер бүгінде мемлекеттің қауіпсіздігі мен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етіп, даңқты дәстүрлерді абыроймен жалғастырып келесіздер" Генерал-лейтенант Сағадат Камалетдинов

Мереке аясында «Даңқ» мұражайында жаңа экспозиция ашылып, естелік стела мен болашақ әскери қызметшілерге арналған уақыт капсуласы қойылды. Бұдан басқа заманауи қару-жарақ пен әскери техниканың үлгілері көрсетіліп, штаб аумағында ағаштар отырғызылды және өнерпаз әскери қызметшілердің концерті өтті.

«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы 2000 жылғы 15 қыркүйекте Қазақстан Президентінің Жарлығымен құрылды. Алғашында ол Тараз қаласында штабы бар Оңтүстік әскери округ ретінде құрылған болатын. 2003 жылы округ өңірлік қолбасшылыққа айналды. Бірінші қолбасшы генерал-майор Әлихан Жарболов болды. Оның басшылығымен бөлімдерді қайта орналастыру, құрамаларды жасақтау және жаңа міндеттерге бейімдеу бағытында ауқымды жұмыс басталды.

Бүгінде бірлестікті генерал-майор Ержан Ыбыраев басқарады. Оның жетекшілігімен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы жауынгерлік әлеуетін нығайтып, әскерді дайындаудың заманауи тәсілдерін дамытып келеді.

Бұл әскери құралым елдің оңтүстік шекарасының сенімді қалқаны болып қала бермек. Жеке құрам әрдайым жоғары жауынгерлік дайындық пен кез келген жағдайда тапсырмаларды орындауға әзірлігін көрсетіп жүр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -