«Келешек»: мемлекеттен алғашқы төлемдер түсті. Білімге арналған бюджет қаражатын қалай алуға болады?

1507
Фотосурет: Максим Золотухин/DKNews.kz

Қазақстандық бүлдіршіндердің бастапқы капиталы 236 мың теңгені (отбасы жоқ балалар үшін 472 мың теңгені) құрады

Бүгінде Қазақстан халқының саны 20,4 млн адамнан асты. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында елімізде 161,2 мың сәби дүниеге келді. Әдеттегідей ең көп туу көрсеткіші Түркістан облысында тіркелді (23,4 мың адам), одан кейінгі орындарда — Алматы (15,6 мың адам), Алматы облысы (13,9 мың адам), Шымкент (13,1 мың адам) және Астана (12,9 мың адам).

Мәлімет үшін: өткен жылы елімізде 365,9 мың сәби дүниеге келді. Олардың 23%-ы — отбасындағы тұңғыш бала, 23%-ы — екінші, 20,9%-ы — үшінші, 16,4%-ы — төртінші, ал 15,7%-ы — бесінші және одан да көп. Бұл дерек қазақстандықтардың балажан әрі көпбалалы болуды құп көретін халық екенін айқындайды.

Сондықтан да елдегі көптеген қолдау бағдарламаларының дәл сәбилерге бағытталғаны таңғаларлық емес. Қазіргі уақытта солардың бірі әрі маңыздысы — біз бұрын да жазған «Келешек» бағдарламасы. Ол балалардың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесінің (МБЖЖ) кеңейтілген нұсқасы болып табылады. Бағдарлама аясында кішкентай қазақстандықтарға мемлекеттен бастапқы капитал беріледі және ол ата-аналарға ең басты міндеттерін орындауға, яғни, баласына білім беруге, мамандық меңгертуге, сондай-ақ баспана мәселесін шешуге жәрдемдеседі.

Жақсы жаңалық: бүлдіршіндердің есепшоттарына бастапқы капитал аударылды. Бағдарламаға қатысушы қаржы институттарының бірі — Отбасы банкінің хабарлауынша, отбасында тәрбиеленіп жатқан 7317 бала мемлекеттен 235,92 мың теңге көлемінде бастапқы капитал алған. Ал тағы 23 кішкентай қазақстандыққа 471,84 мың теңгеден аударылған. Бұлар — ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар.

Осылайша, балалардың есепшоттарына барлығы 1 737 078 960 теңге аударылды. Айта кетерлігі, Отбасы банк 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында бес жасқа толған балалардың есепшоттарына қаражат аударған. Ал осы жасқа 2025 жылдың екінші жартыжылдығында толатын балаларға төлемдер 2026 жылдың ақпан айында аударылады.

«Келешек» бағдарламасының негізгі тұстарына тоқтала кетейік. «Келешек» негізіндегі МБЖЖ жүйесі AQYL білім беру салымдарын және өмірді сақтандыруды ұсына отырып, жыл сайынғы мемлекеттік сыйақы мен инвестициялық табысты, салымдар мен сақтандырудың сенімді қорғалуын, оқу орнын еркін таңдау мүмкіндігін және жинақты тұрғын үй алу мақсатында пайдалану құқығын қамтамасыз етеді.

«Келешек» бағдарламасының басты жаңалығы — бес жасқа толған балалардың атына ашылған білім беру салымдарына немесе сақтандыру келісімшарттарына бюджет есебінен біржолғы бастапқы капитал аударылады. 2025 жылы бұл мүмкіндік 2020 жылы және одан кейін туған балаларға қолданылады. Бұдан бөлек, «Келешек» аясындағы жинақтарды «Ұлттық қор — балаларға» жобасы бойынша түсетін қаражатпен біріктіруге болады. Мәлімет үшін: биылғы жылдың басында бес жасқа дейінгі балалар саны 2 млн-нан асып, Қазақстан халқының шамамен 10%-ын құрады. Демек, ата-аналар осы мүмкіндікті дер кезінде пайдаланып қалу керек.

AQYL білім беру жинақтау депозитін еліміздегі бірқатар ЕДБ-да, соның ішінде бұған дейін аталған Отбасы банкінде, Halyk Bank-те, Nurbank-те және басқа да қаржы ұйымдарында ашуға болады. Ал сақтандыру компанияларының ішінде жобаға «Еуразия», Freedom Finance Life, NOMAD Life және өзге де ұйымдар қатысады.

Тағы бір маңызды жайт: «Келешек» бағдарламасының аясында мемлекет бөлген бастапқы капиталды сақтау үшін ата-аналар баласы кәмелет жасқа толғанға дейін немесе оқу орнына түскенге дейін AQYL депозитіне жыл сайын жарна аударып отыруы қажет.

Бір жылға ең төменгі жарна мөлшері мынадай:

• отбасында тәрбиеленіп жатқан балалар үшін — 24 АЕК (немесе 2025 жылы 94,37 мың теңге);

• әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балалары үшін — 12 АЕК (немесе 2025 жылы 47,2 мың теңге);

• ата-анасынан айырылған және қамқоршылықсыз қалған балалар үшін міндетті жыл сайынғы жарнаны төлеу талап етілмейді.

Жарнаны бірден бір сома ретінде немесе жыл бойы бөліп-бөліп төлеуге болады — бастысы, жыл соңына дейін ең төменгі жарна мөлшерін толық енгізу қажет. Егер жыл қорытындысы бойынша қажетті сома толық аударылмаса, мемлекеттің бастапқы капиталы бюджетке қайтарылады.

Төмендегі ақпараттық кестеде Отбасы банкінде бала атына AQYL депозитін ашу бойынша нұсқаулық көрсетілген. Бұл қаржы институты мысалға алынған себебі, егер бала білім грантын иеленсе, «Келешек» бағдарламасы аясында жиналған қаражатты тұрғын үй жағдайын жақсартуға жұмсауға болады. Мұндай жағдайда шоттағы барлық қаражат — банк сыйақысы, мемлекеттік сыйлықақы және бастапқы капитал Отбасы банкіндегі тұрғын үй депозитіне аударылып, жеке баспаналы болуға жасалған алғашқы қадамыңыз болады.

Тағы бір айта кетерлігі, егер бала білім грантының иегері атанса, жинақталған қаражатты қосымша білім ақысын төлеу үшін пайдалануға (екінші жоғары білім, біліктілікті арттыру және т. б.), жақындарына беруге немесе ары қарай жинақтай беруге болады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -