Елордада вандализм мен қоғамдық тәртіпті бұзу деректеріне қарсы жүйелі жұмыс жалғасып жатыр, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қалалық полиция қызметкерлері тәулік бойы тәртіп бұзушыларды анықтап, заңға сәйкес жауапкершілікке тартуда, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Түнгі уақытта полицияға жедел жәрдем жүргізушісі хабарласып, белгісіз ер адамның Бейбітшілік көшесінде қызметтік көліктің алдыңғы терезесін сындырғанын жеткізген.
Тексеру кезінде 44 жастағы азаматтың мас күйінде көшеде кетіп бара жатып, алдынан өткен жедел жәрдем көлігіне барсеткасын лақтырғаны анықталды. Салдарынан көліктің алдыңғы әйнегі зақымданған.
Полиция қызметкерлері оған қатысты «Ұсақ бұзақылық» бабымен әкімшілік хаттама толтырды. Сот шешімімен ер адам 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.
Тағы бір осындай оқиға түнгі сағат үш шамасында болды.
Мас ер адам аялдама павильонының әйнегін сындырған. Куәгерлер бұл туралы полицияға хабарлады, оқиға орнына келген тәртіп сақшылары күдіктіні дереу ұстады.
Оған ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 147-1-бабының 1-бөлігі – «Өзгенің мүлкін әдейі бүлдіру немесе жою» бойынша хаттама толтырылды. Сот шешімімен ол 10 тәулікке қамалды.
Жыл басынан бері Астанада бөгде мүлікті әдейі бүлдіру немесе жою бойынша 200-ге жуық құқық бұзушылық тіркелген. Сол кезеңде «Ұсақ бұзақылық» бабымен 3 мыңнан астам адам жауапқа тартылған.
Полиция қала тұрғындарын қоғамдық тәртіпті сақтауға және ортақ мүлікке ұқыпты қарауға шақырады. Қоғамдық орындардағы бұзақылық әрекеттер заңмен қатаң жазаланатыны ескертіледі.