Душанбе қаласында «Жасыл инвестициялар: тұрақты болашақ үшін қазіргі мүмкіндіктер» тақырыбында екінші «Душанбе халықаралық инвестициялық форумы – 2025» өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмон ашты.
Форумға 30-дан астам елден келген 600-ден астам шетелдік қонақтар, халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдері қатысты.
Қазақстандық делегацияны Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр бастап барды.
Пленарлық отырыста сөйлеген сөзінде қазақстандық делегация басшысы форумның екі ел үкіметі мен компаниялары арасындағы өзара іс-қимылдың маңызды құралына айналғанын атап өтті. Күн тәртібінде екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, көлік және логистика, энергетика, ауыл шаруашылығы, қаржы және басқа да салалардағы өзара байланыстарды нығайту мәселелері қаралды.
Роман Скляр форумда белгіленген бағыттар қазіргі инвестициялық саясаттың негізіне айналып, Қазақстанда кең қолдау тауып отырғанын атап өтті. Еліміз жасыл трансформация, энергия тиімділігін арттыру және өнеркәсіпті цифрландыру бағытын дәйекті түрде жүзеге асырып келеді.
Тараптар қабылданған шешімдер екіжақты қатынастарды барлық бағыттар бойынша одан әрі нығайтып, тереңдете түсуге ықпал ететініне сенім білдірді.
Келесі Душанбе халықаралық инвестициялық форумын 2027 жылы Тәжікстанда өткізу жоспарланып отыр.