Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 15 қазанда "ҚР Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды, делінген Ақорда хабарламасында.
Келісім екі ел арасындағы достық қарым-қатынастарды одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттердің аумақтарына тепе-тең негізде келу және болу тәртібін оңайлату, сондай-ақ бір мемлекет азаматтарының екінші мемлекеттің аумағында болу мерзімін белгілеу, жарамды жол жүру құжаттарын айқындау мақсатында әзірленген.
Ратификациялауға ұсынылып отырған келісім аясында екі ел азаматтары үшін бірдей негізде тиісті мерзім бекітілді.
- Біріншіден, екі ел азаматтары үшін бірдей негізде 90 тәулікке дейінгі мерзімге екінші тарап мемлекетінің аумағына келуге, одан кетуге, транзитпен өтуге, жүріп-тұруға және болуға құқығы бар. Бірақ олардың есепке тұрмай болу мерзімі алты ай (180 күн) ішінде 90 тәуліктен аспауы тиіс.
- Екіншіден, бір тарап мемлекетінің азаматтары келу мемлекетінің құзыретті органдарында күнтізбелік 30 күн ішінде тіркелуден босатылады. Осы мерзім аяқталғаннан кейін олар осы мемлекеттің құзыретті органдарында тіркелуге міндетті.
- Үшіншіден, келісіммен шетелге жол жүруге арналған жарамды жол жүру құжаттар тізбесі айқындалған. Ондай құжаттар ретінде Қазақстан азаматтары үшін жеке куәлік, ал Армения азаматтары үшін сәйкестендіру картасы және басқа да құжаттар белгіленеді.
Келісімді ратификациялау өзара уағдаласушы мемлекеттерде құқықтық ынтымақтастықтың тиімділігін арттыруға және саяси, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, екіжақты қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 15 қазанда "ҚР Үкіметі мен Армения Республикасының Үкіметі арасындағы азаматтардың сапарлары мен болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды