Есірткінің алдын алу әлеуметтік блоктың басым бағытына айналуы тиіс – Ерлан Карин

1386
Фотосурет: Akorda

Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Жиында Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес жөніндегі 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспардың жобасы, сондай-ақ жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін арттыру мәселелері талқыланды.

Ерлан Қарин Кеңес мүшелері Кешенді жоспар жобасына терең талдау жүргізіп, басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделегенін, соның негізінде нашақорлықпен күрестің жүйелі әрі заманауи тәсілдері ұсынылғанын атап өтті.

Мемлекеттік кеңесші іс-шараларды жүзеге асыратын ведомстволардың жауапкершілігі дұрыс бөлінбегеніне назар аударды.

Іс жүзінде Кешенді жоспар жобасындағы тармақтардың жартысына жуығы (110-ның 52-сі) Ішкі істер министрлігіне жүктелген, ал қалғанын өзге мемлекеттік органдар (Денсаулық сақтау министрлігі, Оқу-ағарту министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі және т.б.) атқарады. Алайда Кешенді жоспар жобасының қазіргі нұсқасында нәтижеге бағдарланған көрсеткіштердің барлығы күштік құрылымдардың жұмысымен тікелей байланысты. Нашақорлықпен тек Ішкі істер министрлігі күресуге міндетті емес. Бұл – ортақ жұмыс, ортақ жауапкершілік. Сондықтан әлеуметтік блокқа жауапты министрліктер өз тараптарынан нашақорлыққа қарсы тиімді күрес шараларын қосуы керек. Сонда ғана біз ескірткі бизнесіне қарсы күрес пен наркотизмнің алдын алу тәсілдерін теңдестіреміз Ерлан Қарин

Өз кезегінде Кеңес мүшелері нашақорлыққа қарсы күресте құқық қорғау жұмыстарымен бірге профилактикалық және салауатты өмір салтын дәріптеу шаралары да қатар жүруге тиіс екенін құптады. Аталған жұмыс мемлекеттік органдар мен қоғамның бірлескен күш-жігері арқылы жүйелі түрде жүзеге асырылуы керек.

Сонымен қатар Кеңестің бірқатар мүшесі жастарды жұмыспен қамту және жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мәселелеріне қатысты өз ұсыныс-пікірлерін жеткізді.

Жиын қорытындысы бойынша Ерлан Қарин мүдделі мемлекеттік органдарға Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшелерінің ұсыныстарын мұқият зерделеп, одан әрі пысықтауды тапсырды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -