Silkway Accelerator-дың алтыншы легі AI, финтех және e-commerce салаларындағы инновацияларды ұсынды

1177
Фотосурет: Gov

Silkway Accelerator бағдарламасының алтыншы легі аясында Орталық Азия стартаптары $550 мың инвестиция тартты, деп хабарлайды DKNews.kz.

Astana Hub пен Google for Startups серіктестігімен жүзеге асырылатын Silkway Accelerator халықаралық акселерациялық бағдарламасының алтыншы легі мәресіне жетті. Бұл жолы бағдарлама қатысушылары жалпы сомасы $550 мың көлемінде инвестиция тартып, $1,4 миллионға алдын ала келісімдер (soft commitments) алды.

Бағдарламаға қатысушылар бірнеше кезеңнен тұратын іріктеу арқылы таңдалды: барлығы 180 өтінімнің ішінен масштабталу әлеуеті жоғары 15 стартап таңдалып, олардың 11-і ғана бағдарламаны толық аяқтады. Бұл жобалар Қазақстан, Тәжікстан, Әзербайжан және Моңғолия елдерінен келген, әрі финтех, e-commerce, жасанды интеллект (AI), логистика, медицина, білім беру мен бизнес-процестерді автоматтандыру салаларында жұмыс істейді. Стартаптардың барлығы PMF немесе Scale кезеңінде, яғни өнімдері нарықта сұранысқа ие және нақты тұтынушылары бар.

12 аптаға созылған интенсивті акселерациялық бағдарлама барысында қатысушылар халықаралық сарапшылар мен менторлардан қолдау алып, одан әрі даму стратегиясын әзірлеу, операциялық процестерді оңтайландыру және шетелдік нарықтарға шығу жолдарын жоспарлау бойынша жан-жақты білім алды. Сонымен қатар, оларға тегін жатын орын, кеңсе, Google сарапшыларының ресурстары және стартаптарды дамытуға бағытталған тұрақты воркшоптар ұсынылды.

Айрықша көзге түскен жобалардың қатарында отандық Mirai Tech стартапы болды. Компания жасанды интеллектімен жабдықталған ұлтарақтар жасап шығарған. Бұл өнім адам қозғалысының биомеханикасын талдап, жарақаттың алдын алу мен оңалту бойынша жеке ұсыныстар береді. Жобаға медицина мен спорт саласының сарапшылары жоғары қызығушылық тудырып, команда алғашқы инвестицияларын тартты.

«Silkway Accelerator бағдарламасына қатысу Mirai Tech командасына қаржылық көрсеткіштерді жақсартып, ішкі процестерін оңтайландырып, нақты масштабтау стратегиясын әзірлеуге мүмкіндік берді. Қазір біз Қазақстандағы футбол клубтарымен жұмыс бастап, халықаралық нарыққа шығуға дайындалып жатырмыз» Компания негізін қалаушы және Назарбаев Университетінің профессоры Гүлнұр Калимулдина

Қалған үздік жобалар қатарында epsilon3.ai (Тәжікстан) – мемлекеттік органдарға тәуекелдерді болжау және аномалияларды анықтау бойынша көмектесетін GovTech платформасы; Steppe AI (Моңғолия) – логистика, энергетика және агроөнеркәсіп салаларына арналған IoT және AI шешімдері; Tryverse (Әзербайжан) – 3D және AR-контент генерациясы арқылы e-commerce сатылымдарын арттыратын платформа.

Қазақстандық жобалардың ішінде gro.now – дәстүрлі маркетингтік зерттеулерді алмастыратын AI-платформа; Rosta.kz – ритейл мен HoReCa секторына арналған автоматтандыру шешімі; MacDent AI – стоматология клиникаларына арналған AI-CRM және ERP жүйесі; Daryn.online – 4 елдегі ұлттық емтихандарға дайындыққа бағытталған білім беру платформасы; Paidax – брокерлік және әлеуметтік функцияларды біріктіретін инвестициялық платформа; Yume – жылжымайтын мүлік жалдауын басқаруға арналған SaaS-шешім, ішінде Yume+ маркетплейсімен; AVM.AI – мейрамханаларға арналған жасанды интеллектімен басқарылатын автоматтандырылған жүйе.

Astana Hub бизнес-бағдарламалар кеңсесінің директоры Ербол Ахметов бағдарламаның аймақтық цифрлық өнімдердің экспортынан түсетін табысты арттырудағы рөлін атап өтті:

«Мемлекет басшысы 2026 жылға дейін цифрлық өнімдер экспортының көлемін $1 млрд-қа жеткізуді тапсырған болатын. Silkway Accelerator бағдарламасы аясындағы стартаптар бүгінде АҚШ, Мексика және MENA аймағындағы нарықтарда табысты жұмыс істеп, бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеп отыр. Жалпы алғанда, бағдарламаның барлық алты легінің қатысушылары $47,7 млн инвестиция тартып, жобалардың жиынтық бағалауы $575 млн-ға жетті. Google for Startups серіктестігі арқылы стартаптар жаһандық сараптама мен ресурстарға қол жеткізіп отыр. Біз болашақта да бұл ынтымақтастықты нығайтып, өңірдегі технологиялық компаниялардың өсуіне қолдау көрсетеміз» Ербол Ахметов

Silkway Accelerator – Орталық Азия мен Кавказ өңіріндегі ең ауқымды әрі беделді стартап акселераторларының бірі. Бағдарлама Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзербайжан, Грузия және Моңғолиядан келген технологиялық жобаларды біріктіріп, оларды жаһандық нарықтарға шығару үшін нақты мүмкіндік береді. Акселератор аймақтық стартап-экожүйені нығайтып қана қоймай, бүкіл өңірдің цифрлық экономикасының тұрақты дамуына үлес қосып отыр.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -