Депутат Құспеков: «Бүгінгі қоғам әйелге даму мен жаңаруға алып бармайтын, тоқал немесе біреудің отбасын бұзушы рөлін жиі таңады»

1364
Фотосурет: KPA

Re.Women Astana форумы аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Re.Women қозғалысының бастамашысы Олжас Құспеков заманауи қазақстандық әйелдің жаңа моделін қалыптастыру жөнінде бастама көтерді. Бұл – дәстүрлі құндылықтар мен заманауи сын-тегеуріндерді ұштастыра білген, білімді, қуатты әрі қоғамды алға жетелейтін әйел бейнесі, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Біз ұлы жетістіктер мен ауыр қылмыстар туралы қарама-қайшы ақпарат күн сайын қатар жетіп отыратын заманда өмір сүріп жатырмыз. Ал осының барлығының түп-тамыры – адамда. Ал адам ең алдымен отбасынан бастау алады. Дәл осы жерде әйел шешуші рөл атқарады. Ол алғашқы құндылықтарды қалыптастырып, бүкіл өмірге бағыт береді» Олжас Құспеков

Депутат бүгінгі қоғамда әйелге даму мен жаңаруға алып бармайтын рөлдердің жиі таңылатынын атап өтті.

«Кей жерлерде әйелге тоқал болу немесе біреудің отбасын бұзушы рөлін ұсыну сынды модельдер насихатталады. Бірақ басқа жол да бар – ол әйелдің ана, көшбасшы, даналық пен үйлесімділіктің иесі ретіндегі жолы» Олжас Құспеков

Олжас Құспеков мысал ретінде өткен ғасырдағы Жапонияны келтірді. Ол елде қыздарға жоғары білімсіз тұрмысқа шығуға тыйым салатын ереже болған. Оның айтуынша, дәл осы норма әйелге деген құрмет пен білімге басымдық беретін болашақ қоғамның іргетасын қалады.

«Ата-бабамыз “Әйел бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді” деген. Яғни, аналарымыз бесікті ғана емес, бүкіл ұлтты тербетеді. Бұл “отқа түсіп, ерлік жасау” жайлы емес, қазақ әйелінің шынайы миссиясы тепе-теңдікті сақтау, рух беру және болашақ ұрпақты қалыптастыру дегенді білдіреді» Олжас Құспеков

Депутат Re.Women қозғалысы жай ғана қауымдастық емес, әйелдің қоғамдағы рөлін қайта пайымдап, оған мән беріп, құрмет көрсетіп, үнін тыңдауды мақсат еткен қоғамдық қозғалыстың бастауы екенін айтты.

«Re.Women – бұл жаңа мәдениетке қадам. Мұнда әйел тек шабыттандырушы емес, сонымен бірге шешім қабылдаушы, құндылықтар жасаушы және қоғамды өзгертуші тұлға» Олжас Құспеков

Re.Women — Respublica партиясы жанындағы қозғалыс. Оның мақсаты — әйелдердің көшбасшылық әлеуетін дамыту, білім беруді қолдау және қазақстандық әйелдің жаңа моделін қалыптастыру. Жоба кәсіпкер әйелдерді, қоғам қайраткерлерін, сарапшыларды және теңдік, даму мен мәдени сабақтастық құндылықтарын бөлісетін ер азаматтарды біріктіреді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -