Әскер – қатаң тәртіп пен нақты күн тәртібінің мекені.
Бұл жерде әрбір сарбаздың міндеті айқын, әр қадамы есеппен жасалады. Дегенмен осы ортада да шығармашылық пен шабытқа орын табылады. Соның айқын дәлелі – Ақмола облысының тумасы, мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан сарбаз Айдын Рахымов, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол әскери өмірдің қатаң талабына қарамастан, анимациялық фильмдер жасап, әскердегі күнделікті сәттерді өнер тілімен жеткізуді мақсат тұтып отыр.
Айдын әскерге келгенге дейін де белсенді жастардың бірі болған. Ол түрлі шығармашылық және білім беру жобаларымен айналысып, әлеуметтік бастамаларға қатысып жүрді. Әсіресе тарих пен патриоттық тақырыптарға қызығушылығы ерекше. Бұл қызығушылығын ол тек кітап беттерінен іздеп қана қоймай, өнер арқылы жеткізуді де жөн санады. Жуырда ғана ол «АЛЖИР» музейіне барған сарбаздардың сапары жайлы қысқаметражды мультфильм жасап, замандастарына ерекше әсер қалдырды.
Анимацияға деген қызығушылығы да кездейсоқ пайда болмаған. Айдын шығармашылықтың осы бағыты арқылы жастарға патриоттық сезімді оятуға, тарихи оқиғаларды түсінікті әрі заманауи тілде жеткізуге болатынын түсінген. Оның айтуынша, мультфильм – тек балаларға арналған өнер емес, ол терең ой мен рухани құндылықтарды да жеткізе алады. «Мультфильм – жастарға ойды әсерлі жеткізудің заманауи тілі. Ол патриотизмді оятуға, тарихты түсінікті етіп көрсетуге мүмкіндік береді», – дейді ол.
Отан алдыңдағы борышын өтеуге келгенде оның бұл құлшынысы одан сайын артты. Айдын үшін әскер тек бұйрық пен устав емес, ол – достықтың, адалдықтың, шабыттың мекені. Сол себепті ол қызмет барысындағы түрлі сәттерді мультфильм арқылы бейнелеп, сарбаздардың ішкі жан дүниесін көрсетуді қолға алды. Оның мультфильмдеріндесарбаздар арасындағы шынайы достық, өзара көмек, адалдық, Отан алдындағы борыш сынды құндылықтар айқын көрініс табады.
Бір анимациялық фильмді жасауға шамамен екі-үш апта уақыт кетеді. Бұл уақыт ішінде ол сценарий жазады, кейіпкерлерді бейнелейді, анимация жасайды, дыбыстайды және соңғы монтажын әзірлейді.
Әрине, мұндай істі жалғыз атқару қиын. Айдынға оның қаруластары көмектеседі: бірі кейіпкерлерді дыбыстаса, бірі идея ұсынады. Әскери бөлімнің командирлері де оның шығармашылығын қолдап, жігерлендіріп отырады. Өйткені мұндай бастамалар сарбаздардың рухын көтеріп, ұжымның бірлігін нығайтады.
Мультфильмдерді жасау үшін Айдын заманауи бағдарламаларды пайдаланады. CapCut арқылы анимация мен монтажды жасаса, Lightroom бағдарламасында визуалды бөлігін толықтырады, кейіпкерлерді құруда DeepSeek сияқты құралдардың көмегіне жүгінеді. Бұл тәсілдер мультфильмдерді әсерлі, шынайы әрі заманауи етіп шығаруға мүмкіндік береді.
Қызмет пен шығармашылықты қатар алып жүру оңай емес. Дегенмен Айдын бұл тепе-теңдікті сақтай біледі. Сөзінше,, әскердегі міндет әрқашан бірінші орында, бірақ бос уақыт табылса, ол сәтін шығармашылыққа арнаудан қашпайды. «Бос уаықытым табылса, оны шығармашылыққа арнаймын. Керісінше, өнер әскери рухты жақсырақ сезінуге көмектеседі», – дейді ол.
Айдынның арманы – әскери өмір жайлы толыққанды анимациялық сериал жасау. Онда ерлік, достық, рухани күш пен Отанға деген мақтаныш басты тақырып болмақ. Әскерден кейін де ол бұл жолды жалғастырып, патриоттық мультфильмдер мен жобаларды дамытуды жоспарлап отыр.
Айдын Рахымовтың тарихы – шығармашылық пен қызметті үйлестірудің жарқын үлгісі. Оның еңбегі тек мультфильм жасау емес, сарбаз өмірінің шынайы бейнесін көрсету, патриотизмді жаңа қырынан таныту.
Ол үшін шығармашылық – тек хобби емес, сарбаз рухын көтеретін, ұжымның бірлігін нығайтатын құрал. Қаруластары өз бейнесін мультфильм кейіпкерлерінен тауып, қуанып қалады пікір алмасады, шабыт алады. Командирлері болса, оның бастамасын қолдап, әскердің абыройын асқақтататын, Әскердегі әрбір күні оны жаңа ойларға жетелейді. Қатаң сапта жүріп те, шығармашылыққа уақыт табу – Айдын Рахымовтың табандылығы мен рухының биіктігін дәлелдейді. Оның тарихы – жас буынға үлгі, патриотизмді заманауи тілде жеткізудің тың жолы.
5573 әскери бөлімінің тілшісі
лейтенант А.Балтабаева