Қызметтік иттерге қамқор болған офицер

1419
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Ұлттық ұланның 5573 әскери бөлімінде қызмет атқарып жүрген капитан Ілияс Темірболатұлы — жануарлардың амандығын күзеткен, қызметтік иттердің сенімді серігі мен нағыз ісінің маманы.

Ол — бөлімнің аға ветеринар дәрігері, яғни қызметтік иттердің саулығын қамтамасыз етіп, азық-түліктің сапасын бақылайтын жауапты тұлға, деп хабарлайды DKNews.kz.

Ілияс Ищановтың маман ретінде қалыптасу жолы кездейсоқ басталмаған. Мектепті тәмамдаған соң ол аграрлық-техникалық университетке түсіп, бес жыл бойы білім алып, «ветеринар дәрігер» мамандығы бойынша жоғары білім иесі атанды. Университет қабырғасынан кейін Отан алдындағы борышын өтеу мақсатында Қорғаныс министрлігінің қатарында әскери қызметін өтеді. Осы екі кезең — жоғары білім мен әскери тәртіп — оның бүгінгі кәсіби және рухани болмысын айқындаған басты белестер болды.

«Диплом мен әскери билет — менің өмірімнің екі мектебі. Бірі – білім берсе, екіншісі – тәртіп пен жауапкершілікті үйретті», – дейді ол.

Көпшілікке «ветеринар» десе, мал дәрігері ғана елестейді. Ал әскери бөлімдегі ветеринар қызметінің маңызы әлдеқайда кең әрі жауапты. Ілияс Темірболатұлының  айтуынша, олардың негізгі екі бағыты бар:

Біріншіден, ол — азық-түліктің сапасына ветеринарлық-санитарлық бақылау жүргізу. Күн сайын бөлім аумағына шамамен 8 жүк көлігі азық-түлік өнімдерін жеткізеді. Осы сәттен бастап ветеринар маманның еңбегі басталады.

Әр өнім – ет, сүт, көкөніс, жеміс немесе жарма – санитарлық нормаларға сай ма, сақтау мерзімі қандай, жарамдылығы тексеріледі.

«Біздің міндет – сапасыз өнімнің сарбаз асханасына жоламауын қамтамасыз ету. Бір ғана қателік жүздеген адамның денсаулығына әсер етуі мүмкін», – дейді ол.

Екіншіден, ветеринарлық қызметтің маңызды бөлігі – қызметтік иттердің саулығын қорғау.

Қазір әскери бөлімде 27 ит бар. Олардың әрқайсысы – ерекше дайындықтан өткен, күзет пен іздестіру ісіне қатысатын нағыз жауынгер. Ильяс күн сайын таңертең кинологиялық қалашықтағы кезекшімен бірге әр итті қарап, денсаулық жағдайын бақылайды.

«Ит – тілсіз жан. Ол не мазалап тұрғанын айта алмайды. Сол үшін дәрігер оның мінез-құлқын, тамаққа тәбетін, қозғалысын бақылап, диагнозды дұрыс қоя білуі керек. Төрт аяқты сарбаздарымыздың ішкі жан дүниесін түсіне білу керек», – дейді офицер.    

Қызметтік иттердің ішінде «ерекше сүйіктілер» деген ұғым жоқ. Бірақ Ильяс үшін олардың барлығы – жауынгердің серігі, достық пен адалдықтың көрінісі. Кей сарбаздар өз иттерін ерекше жақсы көреді: оларға тәттілер әкеледі, бос уақытта жаттығу жасайды, байланыс орнатады. Бұл өз кезегінде иттің де, иесінің де қызмет нәтижесіне оң әсерін тигізеді.

Әсіресе көктем мен жаз айларында ерекше сақтық қажет. Өйткені табиғатта кенелер көбейіп, иттер арасында «пироплазмоз» атты қауіпті ауру жиі кездеседі. Бұл жағдайда Ильяс пен оның көмекшілері шұғыл ем-шара жүргізіп, жануарлардың өмірін сақтап қалады.

«Жануардың сауығып кеткенін көру – ең үлкен қуаныш. Бар еңбегіңнің, уақытыңның зая кетпегенін сезіну – нағыз бақыт», – дейді ол жылы жымиып.

Кейіпкеріміздің еңбегі – әскердегі тәртіп пен мейірімнің бір арнада тоғысқан үлгісі. Ол үшін әрбір ит – тірі жан, ал әрбір қызмет – ел алдындағы борыш. Қызметтік иттердің өмірі мен сарбаздардың денсаулығының қауіпсіздігі – дәл осы маманның күнделікті еңбегінің нәтижесі.

Капитан Ищанов өз ісін сүйіп атқарады, өйткені оның еңбегі – сарбаздың амандығына, төрт аяқты серіктердің саулығына тікелей әсер етеді. Мұндай офицерлердің еңбегі үнсіз болса да, ел тыныштығы мен әскердің беделін арттыратын үлкен күш.

5573 әскери бөлімінің тілшісі

Лейтенант Айгерім Балтабаева

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -