Қорғаныс министрі майдангерді туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өскемен қаласында Шығыс Қазақстан облысы қорғаныс істері жөніндегі департаменттің әскери қызметшілері Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері Михаил Яковлевич Головатюкке арнайы барып құттықтады.
Олар ардагерге Қорғаныс министрі авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосановтың атынан құттықтау хатын және естелік сыйлықтар табыс етті.
"Біз үшін сіздің өмір жолыңыз — табандылықтың, ерлік пен жанқиярлықтың жарқын үлгісі. Ол еңбекпен, ар-намыспен және Отанға деген сүйіспеншілікпен өрілген" Өскемен қаласы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының тәрбие және идеологиялық жұмыс тобының бастығы майор Сырым Ақтаев
Михаил Яковлевич 1927 жылғы 15 қазанда Иркутск облысындағы Кутулин ауылында дүниеге келген. 1943 жылы, 16 жасында еңбек армиясына шақырылып, Иркутск пен Байкал арасындағы теміржол құрылысында жұмыс істеген. Ал 1944 жылғы қарашада майданға аттанған.
579-атқыштар полкінің құрамында Михаил Головатюк Жапонияға қарсы шайқастарға қатысып, автоматшы болған. Ерлігі мен еңбектегі батылдығы үшін ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, Ленин орденімен және «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.
1951 жылғы наурызда әскерден босап, Омбы облысына ата-анасының жанына оралған. Онда жүргізуші болып жұмыс істеген. 1952 жылы Өскемен қаласына көшіп келіп, қорғасын-мырыш комбинатына жұмысқа орналасқан. Алдымен балқыту цехында балқытушы болып еңбек етіп, кейін рафинация цехына ауысқан. Комбинатта 35 жыл жұмыс істеп, зейнетке шыққан.
Ардагер әскери қызметшілермен емен-жарқын әңгімелесіп, естеліктерін бөлісті. Қонақтарға бейбіт аспан, табысты қызмет тіледі.