«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлердің өртке қарсы қорғаныш жүйесін жүйелі түрде нығайтып, шалғай елді мекен тұрғындарының қауіпсіздігі мен тыныштығын арттыруға жағдай жасайды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қостанай облысы Сарыкөл ауданының Урожайное ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Бұл бөлімше бірден Урожайное мен Тимирязевка атты екі елді мекеннің өртке қарсы қауіпсіздігін қамтамасыз етеді, онда шамамен 1200 адам тұрады. Жаңа пункт ғимараты жылыту жүйесімен жабдықталған, бұл жыл бойы кезекшілік ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Құтқарушылардың ыңғайлылығы үшін тұрғын бөлме және техникаға кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізуге арналған шеберхана қарастырылған. Сонымен қатар бөлімшеге ТЖД балансынан ықтимал өрт оқиғаларына жедел әрекет етуге арналған ЗИЛ негізіндегі өртке қарсы автосцистерна берілді.
Қостанай облысы ТЖД уақытша міндетін атқарушы басшысы Назарали Селимов ауыл тұрғындарын маңызды іс-шарамен құттықтап, жаңа бөлімшенің қызметкерлеріне тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету сияқты жауапты миссия жүктелетінін атап өтті.
Қостанай ауданының Айсары ауылдық округінде жаңа өрт сөндіру пунктінің ашылуы өтті. Бұл бөлімше Айсары, Степное, Половниковка және Қостомар атты төрт елді мекенге қызмет көрсетеді. Осы ауылдардағы жалпы тұрғындардың саны 2300-ден асады, олар үшін төтенше жағдайларға уақытылы ден қою өте маңызды. Бокс ғимараты жылыту жүйесімен қамтамасыз етілген, бұл жеке құрамның жыл бойы кезекшілігін ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жаңа бөлімшеге ТЖД-дан Камаз базасындағы өртке қарсы автосцистерна берілді, бұл оның жауынгерлік даярлығын айтарлықтай арттырады.
Абай облысында Қасқабұлақ және Архат ауылдарындағы өрт сөндіру пункттері жаңартылды. Реновация барысында өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келетін жаңа заманауи ғимараттар салынды.
Қарағанды облысы Шет ауданының Ортау ауылында жаңа өрт сөндіру пункті ашылды. Бұл бөлімше жалпы халқы 400-ден асатын үш елді мекенге қызмет көрсетеді. Жаңа ғимаратта душ, демалыс бөлмесі, асхана және қызметтік бөлмелер қарастырылған, бұл жеке құрамның тәулік бойы кезекшілігін ыңғайлы жағдайда ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
«Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы ауылдық жерлердегі өртке қарсы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған. Бағдарлама аясында ауылдарда қажетті құрал-жабдықтар мен техникамен қамтамасыз етілген ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылады. Бұл төтенше жағдайларға жедел ден қою уақытын қысқартуға, ауыл әкімдіктерінің дайындық деңгейін көтеруге және ауыл тұрғындарының өмірі мен мүлкін қорғауға мүмкіндік береді.