Қазақстан әлемдегі ең көп оқитын елдердің үздік ондығына кіруді мақсат етіп отыр

1089
Фотосурет: Gov

Мемлекет Басшысының Ұлттық құрылтайда жариялаған «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасын іске асыру аясында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен «AMANAT» партиясы арасында өзара Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Аталған құжат мемлекеттік қызметшілер арасында оқу мәдениетін дамытуға, олардың жеке және кәсіби әлеуетін арттыруға, сондай-ақ мемлекеттік қызметтің оң имиджін нығайтуға бағытталған.

Жобаның негізгі миссиясы – Қазақстанды әлемдегі ең көп оқитын он елдің қатарына қосу.

Ағымдағы жылдың қыркүйек айында халық арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталған пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жоба Қарағанды, Қостанай облыстарында және Шымкент қаласында жүзеге асырылуда.

Бүгінгі күні жобаға 189 мыңнан астам қатысушы тіркелді. Олардың қатарында оқушылар, студенттер, педагогтар, мемлекеттік қызметшілер мен әулеттік қатысушылар бар.

Қатысушылар қазақ және орыс тілдеріндегі жас ерекшелігі мен қызығушылығына сай бейімделген 15 кітаптан тұратын тізімдегі шығармаларды оқу және талқылау бойынша сайысқа түсуде. Бағдарламаға «Қазақ әдебиетінің 100 танымал кітабы» ұлттық рейтингіне енген туындылар мен әлемдік бестселлерлер енгізілді.

Қол қойылған Меморандумға сәйкес тараптар жыл сайын «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» байқауын және мемлекеттік қызметшілер арасында оқуды насихаттауға бағытталған бірлескен ағартушылық іс-шараларды өткізуге уағдаласты.

Пилоттық кезеңнің оң нәтижелерін ескере отырып, 2026 жылы жоба елдің барлық 20 өңірінде кеңейтіле жүзеге асырылмақ.

Бастамаға Қазақстанның 1 миллионнан астам азаматы қатысады деп болжануда.

«Кітап оқитын ұлт» бастамасы қоғамның зияткерлік әлеуетін дамытуға, қоғамдық сенімді арттыруға және Қазақстанның оң имиджін нығайтуға бағытталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -