Павлодар, Қостанай, Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстары бойынша департамент басшылары көлеңкелі экономикаға қарсы күрес бағытында атқарылып жатқан шаралар туралы баяндады. Атап айтқанда, қаржы пирамидаларын, «сұр» импортты, бағалы металдардың, алкоголь және темекі өнімдерінің заңсыз айналымын тоқтату бойынша қабылданған шаралар таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ерекше назар жасанды интеллект негізіндегі цифрлық талдау құралдарын енгізуге, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған алдын алу шараларын жетілдіруге аударылды.
Сонымен қатар азаматтардың өтініштерін қарау мәселесіне жеке көңіл бөлінді. Бұл өтініштер қоғамның сенім деңгейінің көрсеткіші және жедел әрекет етуді талап ететін өзекті мәселелер туралы маңызды ақпарат көзі ретінде қарастырылады.
Қоғамдық кеңес мүшелері Агенттіктің конструктивті диалогқа ашықтығын атап өтіп, өңірлерде көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған кешенді шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтті.