Өзбекстанның Ташкент қаласында Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің жастар ісі және спорт министрлерінің 9-отырысы өтті. Іс-шараға Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов бастаған делегация қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
Отырыс барысында тараптар жастар ісі мен спортты дамыту, ТМҰ елдері арасында тәжірибе алмасу, жаңа буын мамандарын даярлау және бірлескен жобаларды кеңейту мәселелерін талқылады. Қазақстан білім беру және инновациялық бағыттар бойынша бірқатар бастама ұсынды. Атап айтқанда, Астанада ашылатын Ұлттық спорт университетінің жобасы таныстырылды. Білім ордасы болашақ жаттықтырушыларды, спорт менеджерлері мен ғылыми кадрларды даярлайтын маңызды орталыққа айналмақ.
“Біз спорт саласындағы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдермен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз. Бүгінде кәсіби кадрлар даярлау, инновацияны дамыту және заманауи тәсілдерді енгізу үшін күш біріктіру аса маңызды. Қазақстан бірлескен оқу-жаттығу жиындарына, ғылыми зерттеулерге ашық. Өйткені тәжірибе алмасу мен ортақ бастамалар арқылы тұрақты нәтижеге қол жеткізуге болады”, – деді Ербол Мырзабосынов.
Отырыс қорытындысы бойынша министрлер спорт саласындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға, жастар жобаларын дамытуға, дене шынықтыру мәдениетін ілгерілетуге, тәжірибе алмасуға және ТМҰ елдерінің спорт саясатының тиімділігін арттыруға бағытталған бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыруға ниетті екендерін жеткізді.