Елордада ауыл шаруашылығы жәрмеңкесінде 800 тоннадан астам өнім ұсынылды

1386
Фотосурет: Gov

Астана қаласындағы «Қазанат» ипподромында демалыс күндері Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарының ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің дәстүрлі ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтіп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Жұртқа ыңғайлы болуы үшін сауда алаңы бірнеше аймаққа бөлінді. Кең павильонда ет, шұжық өнімдері, балық, сүт және кондитерлік өнімдер қойылған сауда орындары бар. Сондай-ақ мұнда нан-тоқаш өнімдері, дегустациялар және ірі қайта өңдеу кәсіпорындарының стендтері бар. Көшеде көкөніс пен жеміс-жидек сататын сөрелер жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мерекелік көңіл күйді концерттік бағдарлама арттыра түсті: халық әндері мен көпшілік сүйетін әуендер шырқалуда.

Екі өңірдің тауар өндірушілері елордаға жалпы 800 тоннадан астам өнім әкелген.

Жәрмеңкеге Павлодар мен Солтүстік Қазақстан облыстарынан шамамен 200-ге жуық ауыл шаруашылығы тауар өндірушісі мен қайта өңдеу кәсіпорны қатысып жатыр. Сауда қатарларында өнімнің жүздеген түрі ұсынылған: ет, картоп, көкөніс пен бақша өнімдері, сүт өнімдері, жұмыртқа, балық, бал, шұжық өнімдері, ұн, макарон, жарма, нан өнімдері, тосап және басқа да тауарлар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жәрмеңкенің мақсаты – отандық өндірушілерді қолдау және өңіраралық сауданы дамыту.

Петропавлдық омарташы Владимир жәрмеңкеге түрлі шөптен жиналған бал, жөке балы және күнбағыс балы түрлерін алып келген. Оның айтуынша, омарта экологиялық таза жерде орналасқан және бұл кәсіп отбасылық іске айналған.

«Біз Петропавлдан келдік, балды облыстың түкпір-түкпірінен жинаймыз. Барлығын өз қолымызбен жасаймыз, қант қоспаймыз, ешқандай химия жоқ. Мұндай бал қабаттаспайды, тез кристалданбайды, табиғи өнім саналады. Сатып алушылар үнемі «Сіздің балыңыздан солтүстіктің иісі аңқиды» дейді. Бұл рас, бізде жер де, гүл де ерекше», – дейді Владимир.

Келушілер жәрмеңкедегі бағалардың расымен де базар бағасынан төмен екенін айтады.

Елорда тұрғыны Айгүл Сарсенова жәрмеңкеге отбасымен бірге келіпті. Оның айтуынша, мұндай шаралар халық үшін өте қажет.

«Мен жақын маңайда тұрамын, осы демалысты арнайы күттік. Мұнда нағыз табиғи өнімдер сатылады. Қой етін, картоп, бал алдым, ал ұлым печеньені жеп те үлгерді. Барлығы жаңа, дәмді, ең бастысы – бағасы қолайлы. Дүкендерде бәрі қымбат, ал мұнда апта сайынғы азық-түлікті толық алуға болады. Атмосферасы да ерекше», – дейді Айгүл.

Қолында балық пен ұн салынған сөмке ұстап тұрған оның жұбайы күлімсіреп:
«Мұндай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен. Бұл жерде тіршіліктің лебі сезіледі, бұл жай базар емес, бұл – қала мен ауыл арасындағы байланыстың белгісі», – деді.

«Қазанат» ипподромындағы жәрмеңке демалыс соңына дейін жалғасады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -