Елордадағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында қазақ күресінен өткен XIV республикалық «Қазақстан барысы» турнирі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Жылдың ең маңызды спорттық оқиғасына 40-тан астам балуан қатысты. Олардың қатарында өткен жылғы «Қазақстан барысы» турнирінің жеңімпазы, Абай облысының намысын қорғаған сержант Ерасыл Қажыбаев, Түркістан облысынан қатысқан әскери қызметші Бейбарыс Әбдіғани, Жамбыл облысынан келген қатардағы жауынгер Айдар Бескемпір, сондай-ақ биылғы «Әскер барысы» турнирінің үздік балуандары – аға лейтенант Марат Байқамұров пен сержант Әділ Оразбаев сынды әскери спортшылар да бар.
Бес кезеңдік қызу тартысты белдесулерден кейін сержант Ерасыл Қажыбаев пен аға лейтенант Марат Байқамұров финалға шықты. Тартысты да табанды белдесу нәтижесінде «Қазақстан барысы – 2025» атағын аға лейтенант Марат Байқамұров жеңіп алды. Ол күш пен ерліктің нышаны болып саналатын Алтын белбеу мен «Тайтұяқ» алтын трофейінің иегері атанды. Өткен жылғы чемпион сержант Ерасыл Қажыбаев күміс жүлдеге ие болса, қола жүлде Маңғыстау облысының балуаны Нұрдәулет Жарлығаповқа бұйырды.
– Бұл турнирде біз Марат Байқамұровқа үлкен сенім арттық. Ол өз жігері мен қайсарлығын, жеңіске деген ерік-жігерін көрсетіп, шешуші белдесуде мықты екенін дәлелдеді. Оған алдағы уақытта да боз кілемде жеңістер тілейміз, – деді чемпионның жеке бапкері, Армия орталық спорт клубының қазақ күресі командасының бастығы лейтенант Асан Мәмбетқұлов.
Айта кетейік, бірінші орын иегері 15 миллион теңге, екінші орын иегері – 3,3 миллион теңге, ал үшінші орын иегері – 1,08 миллион теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.