Әскер аналар көзімен: Ұлттық ұланда ашық есік күні өтті

1034
Фотосурет: Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы

Кеңес Одағының Батыры, гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлы атындағы Ұлттық ұланның 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өткеріп жатқан сарбаздардың ата-аналарына арналған Ашық есік күні ұйымдастырылды. Бұл Республикасы күні қарсаңында және «Әскер аналар көзімен» республикалық акциясы аясында өтіп отыр, деп хабарлайды DKNews.kz.

Шараға «Аналардың жүрегі» сарбаз аналары комитетінің төрайымы Татьяна Тропина да келді. Ашық есік күні саптық алаңда салтанатты түрде басталды. Мерекелік шараны бөлім командирі полковник Мақсат Баймағұлов ашып, қатысушыларға ізгі тілегін білдірді. Жиналған көпшіліктің алдында сарбаздар ата-анаға арнауларын оқып берді, хормен «Анашым-ай» әнін орындады. Бұл әсерлі көрініс жиналған жұрттың жүрегін тербеп, шараға ерекше мазмұн берді.

Бұдан кейін ата-аналар әскери бөлімнің инфрақұрылымымен танысты. Қонақтарға әскери техника мен қару-жарақ үлгілері көрсетіліп, сарбаздардың жатын орындарын, медициналық пунктті, монша және асхананы аралатты.

Әскери бөлім басшылығы мен заңгерлері ата-аналармен ашық сұхбат өткізді. Онда әскердегі құқықтық тәртіп, әскери қызметшілердің құқықтары мен қауіпсіздігі жөнінде толық мәлімет берді.

Іс-шара соңында ата-аналар балаларына көрсетіліп жатқан қамқорлық пен әскери бөлімнің ашық әрі сенімді жұмысына алғыстарын білдірді. Көптеген ата-ана бұл кездесудің әскери қызметке деген сенімді арттырып, сарбаздарға жасалған жағдайдың талапқа сай екеніне көз жеткізуге мүмкіндік бергенін айтты.

- Мұндай іс-шаралар ата-аналар мен әскери бөлім арасындағы байланысты нығайтады. Біз баламыздың жақсы жағдайда, сенімді қолда екенін көріп, көңіліміз жайланды. Командирлер мен бүкіл жеке құрамға үлкен алғысымызды білдіреміз, - деді қатардағы Жігер Бақыткерейдің анасы Рима Саматқызы.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -