Астанада соғыс ардагерінің 102 жылдық мерейтойы аталып өтті

1551
Фотосурет: ҚР ҚМ

Астанада әскери қызметшілер соғыс ардагері Рзағұл Байкешевті туған күнімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.

2025 жылғы 18 қазанда Ұлы Отан соғысының ардагері Рзағұл Байкешев 102 жасқа толды. Мерейлі жасқа толған ардагерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің, Астана қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаментінің әскери қызметшілері, «Қарулы күштердің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері мен «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері құттықтады.

Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы Ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы генерал-майор Алмас Исабеков Рзағұл Байкешевке Қорғаныс министрінің құттықтау хатын, Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына арналған мерейтойлық медаль мен естелік сыйлық табыстады.

"Сіз – нағыз ерлік пен табандылықтың, Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символысыз. Сіздің ерлігіңіз біздің жадымызда, келер ұрпақтың жүрегінде мәңгі сақталады. Сізге зор денсаулық, жан тыныштығы және ұзақ ғұмыр тілеймін" Генерал-майор Алмас Исабеков

Ардагерге арналған сый ретінде Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы Орталық ансамблінің әншілері соғыс жылдарындағы әндер мен Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін орындады.

Құттықтауларды қабыл алған Рзағұл Байкешев әскери қызметшілерге табысты қызмет, отбасылық амандық және бейбіт аспан тіледі.

Рзағұл Байкешев 1923 жылғы 18 қазанда Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданында дүниеге келген. Соғысқа дейін совхозда қарапайым жұмысшы болып еңбек етті. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, Кеңес армиясы құрамында Ржев түбіндегі шайқастарға және Великие Луки қаласы маңындағы шабуылдау операциясына қатысты. Майдан жолы оны Польша, Румыния және Венгрия арқылы алып өткен. Соғысты ефрейтор шенімен аяқтап, елге оралған.

Соғыстан кейін Рождественка совхозында экспедитор болып еңбек етті. 1983 жылы зейнетке шықты. Екі ұл тәрбиелеп өсірген. Қазіргі уақытта немересі Талғат пен оның отбасымен бірге тұрады.

Рзағұл Байкешев I және II дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, Жуков медалімен және көптеген мерейтойлық наградалармен марапатталған.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -