Теміртаудағы 18 көшеге жаңа асфальт төселді

1518
Фотосурет: Gov

Теміртауда биыл 18 шақырым автомобиль жолы жөндеуден өтті. Қаладағы 18 көшеде асфальт жаңартылды. Қазір Теміртау тарихындағы ең ауқымды жоба – Металлургтер даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда, деп хабарлайды DKNews.kz.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жұмыс сапары барысында атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Әкімге Бейбітшілік, Республика және Құрылысшылар даңғылдарындағы, сондай-ақ Абай, Солтүстік, Батыс және басқа да көшелердегі жөндеу жұмыстары туралы баяндалды. Сонымен бірге, Ғабиден Мұстафин ауылына апаратын Нұра өзені арқылы өтетін көпірге де жаңа асфальт төселгені айтылды.

Қаладағы көлік инфрақұрылымын жаңарту келер жылы да жалғасады. Жоспар бойынша тағы 14 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, 16 шақырым жол қалпына келтіріледі.

Металлургтер даңғылының күрделі жөндеу жұмыстары 2024 жылдан бастап кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жол жабындысын толық ауыстырумен қатар инженерлік желілер жаңартылып, тротуарлар мен гүлзар аумағы абаттандырылуда.

Ермағанбет Бөлекпаев Теміртаудағы алкогольсіз сусындар өндіретін зауытқа да барды.

Мемлекеттік қолдау аясында кәсіпорын өндірісін кеңейтіп, жаңа желіні іске қосқан.

– Біз Теміртауда он жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Ауыз су, тәтті, шырынды және энергетикалық сусындар шығарамыз. Биыл өндірісті дамытуға қаржы құйып, «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несие алдық. Соның нәтижесінде 20 жаңа жұмыс орны ашылды, – деді кәсіпорын басшысы Алексей Кунин.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев шағын және орта бизнесті қолдау Теміртау сияқты металлургтер қаласының экономикасын әртараптандыру мен жаңа жұмыс орындарын ашу үшін маңызды екенін атап өтті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -