Тәжікстан Республикасының Душанбе қаласында тәжік тарапының төрағалығымен Орталық Азия елдерінің төтенше жағдайлар ведомстволары басшыларының өңірлік форумы – кеңесінің кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Өңірлік форум апаттар қаупін азайту, төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою саласындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту мен дамытуға бағытталған тиімді алаң және тұрақты жұмыс істейтін консультациялық платформа болып табылады.
Іс-шараға Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Түрікменстан Республикасы төтенше жағдайлар ведомстволарының өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.
Қазақстан тарапынан іс-шараға төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаев, Халықаралық ынтымақтастық департаментінің міндетін атқарушы директоры Ринат Әлжанов, Төтенше жағдайлардың алдын алу комитетінің төрағасы (апаттар қаупін азайту жөніндегі Сендай негіздемелік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Қазақстан Республикасының ұлттық үйлестірушісі) Серік Жүнісбеков және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы Аслан Сабыржанұлы қатысты.
Іс-шара барысында қатысушылар өңір елдері үшін өзекті болып табылатын бірқатар мәселелерді талқылады. Атап айтқанда табиғи және техногендік сипаттағы апаттардың алдын алу және олардың салдарын жою бойынша бірлескен шаралар, су және энергетикалық қауіпсіздікті арттыру, климаттың өзгеруіне төзімділікті күшейту, экономикалық даму, сондай-ақ төтенше жағдайлар ведомстволары мен халықаралық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды нығайту, оның ішінде бірлескен өңірлік жобалар мен халықаралық ұйымдардың бастамаларын іске асыру мәселелері қаралды.
Сонымен қатар Өңірлік форум аясында төтенше жағдайлар вице-министрі Ерболат Садырбаевтың БҰҰ Апаттар қаупін азайту жөніндегі басқармасы мен БҰҰ Даму бағдарламасының, Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қоғамдары халықаралық федерациясының, сондай-ақ Халықаралық ынтымақтастық жөніндегі Германия қоғамының өкілдерімен екіжақты кездесулері өтті.
Өңірлік форумның қорытындысы бойынша төтенше жағдайларға ден қою саласындағы өңірлік ынтымақтастық пен іс-қимылдарды үйлестіруді одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап көрсететін хаттамаға қол қойылды.