Бүгін Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Шыңғыс Әрінов жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі шаралары жөнінде баяндама жасады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Ол өз сөзінде ТЖМ былтырдан бері төтенше жағдайларға жедел ден қоюды арттыру шараларын қабылдау жұмыстарын жалғастырып жатқанын атап өтті.
Төтенше жағдайларға мониторинг жүргізіп отыру үшін жасанды интеллект арқылы талдау және геоақпараттық жүйелер енгізілді. Өрт қауіпті жағдайды бақылау мақсатында барлық өңірлерде бейнебақылау камералары іске қосылды.
Еліміздің барлық аймақтарында өрт сөндіру деполары мен құтқару станцияларын салу және оларды жаңарту жұмыстары белсенді жүргізілуде. Осы кезеңде 25 өрт сөндіру депосы мен құтқару станциялары салынып, 196 объекті қайта жаңғыртылды. Жыл соңына дейін тағы 23 өрт сөндіру бөлімінің құрылысын аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Төтенше жағдайлар кезінде халыққа кешенді көмек көрсету үшін өрт сөндірушілерден, құтқарушылар мен дәрігерлерден тұратын әмбебап бөлімшелер құрылды. Осындай 5 бөлімше Аршалы, Макинск, Майтөбе, Аққулы және Қарқаралы елді мекендерінде жұмыс істеп жатыр. Аталған жоба еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылатын болады.
Қосымша қаржыландыруды талап етпестен, бөлімшелердің материалдық-техникалық жабдықталуын айтарлықтай жетілдіріп жатырмыз. Барлығы 800 бірліктен астам техника мен 20 мыңнан астам жабдық сатып алынып, аудандық бөлімшелерге берілді.
ТЖМ маңызды бағыты – ауылдық құтқарушыларды дамыту болып табылады. Биыл жергілікті атқарушы органдардың және бизнес-қауымдастығының қолдауымен «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы өз жұмысын бастады. Жыл басынан бері 82 өрт сөндіру пункті ашылды, жыл аяқталғанға дейін тағы 67-сін ашу жоспарланып отыр. Министрліктің тарапынан оларға техника, киім-кешек пен байланыс құралдары беріліп, оқыту курстары ұйымдастырылды.
Бүгінде шалғай ауылдарда Министрліктің негізгі бөлімшелері келгенге дейін өртті жоюға көмек көрсететін мыңдаған еріктілер жұмыс істейді. Мемлекет басшысы жоғары бағалаған олардың белсенділігі мен жергілікті жерлерде әрекет етуге дайындығының арқасында ауыл тұрғындарының қорғалу деңгейі күшейтілді.
Өткен жылмен салыстырғанда, «Ауыл құтқарушыларының» атқарған жұмыстарының арқасында ауылдық жерлердегі өрт саны 25%-ға, адам өлімі 38%-ға азайды.
Жылыту маусымы басталғаннан бері еліміздің тұрғын үй секторындағы өрттің 17,5%-ға азайғаны байқалады. Дегенмен, өрт қаупі сақталады.
Өрттің негізгі себептері – жылыту құралдарының жұмыс істемеуі, пешті пайдалану ережелерінің бұзылуы, сондай-ақ азаматтардың салғырттығы болып табылады.
Жылу беру маусымы басталар алдында жылыту жүйелерін, пештер мен түтін мұржаларын тексеру арқылы тұрғын үйлерді аралап қарау жұмыстары жүргізілді. Халықтың әлеуметтік осал топтарына айрықша назар аударылып, оларға қажетті қолдау көрсетілуде.
Өңірлерде газ баллон жарылу оқиғаларының орын алатынын айта кеткен жөн. Биыл қызметкерлер өрт орнынан шамамен 1,5 мың газ баллонын шығарып, адам өліміне жол бермеді.
Жылыту маусымы айрықша бақылауда, ТЖМ бөлімшелері жоғарыда айтылған іс-шараларды жалғастыратын болады.