Алматыда 2026 жылы наурыз айында іске қосылатын Air Astana әуе компаниясының жаңа Токио-Алматы тікелей рейсінің қарсаңында Жапонияның ең ірі туроператорлары қазақстандық туристік индустрия өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Іс-шараны «Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы, Air Astana әуе компаниясы және Алматы қаласының Туризм басқармасы ұйымдастырды. Жапон серіктестерінің бұл сапары Қазақстан мен Жапония арасындағы туристік әрі іскерлік серіктестікті нығайту жолындағы маңызды қадам болды.
Кездесуге мәдени, табиғи, премиум және MICE бағыттарында жұмыс істейтін Токионың 10 ірі туроператоры қатысты. B2B форматындағы кездесу барысында тараптар бірлескен бағдарламаларды жүзеге асыру, туристік өнімдерді дамыту және Алматыны «жапон саяхатшылары үшін шығыстың баурап алатын жаңа орталығы» ретінде қалыптастыру мүмкіндіктерін талқылады.
Тянь-Шань таулары, Шымбұлақ курорты, Шарын шатқалы сынды Алматының табиғи көрікті жерлері мен дәстүрлі гастрономиялық бағыттарға қонақтар ерекше қызығушылық танытты.
Алматы-Токио тікелей рейсінің 2026 жылы наурыз айында ашылуы Қазақстан мен Жапония арасындағы байланысты дамытудың маңызды кезеңі болмақ. Бұл бағыт екі ел арасындағы сапарды жеңілдетіп, туристердің саяхаттауына тың серпін береді. Алдын ала болжам бойынша әуе рейсі іске қосылған алғашқы жылы Жапониядан 5-7 мыңға дейін турист келуі мүмкін.
«Жапония – Қазақстан үшін стратегиялық маңызды нарық. Бұл сапар мен болашақ Air Astana рейсі екі ел арасындағы өзара ынтымақтастық пен қызығушылықты жаңа деңгейге көтереді», – деді Алматы қаласы Туризм басқармасының өкілдері.