2026 жылғы бюджет жаңа Бюджет кодексі аясында әзірленген алғашқы құжат болады – Қаржы министрлігі

1606
Фотосурет: slon.pics/freepik.com

Үкімет дамудың басым бағыттарына 1,4 трлн теңгені қайта бөледі, деп хабарлайды DKNews.kz.

Мәжілістің жалпы отырысында «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасы бойынша баяндама жасай отырып, қаржы министрі Мәди Такиев құжаттың 2030 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде Бюджет кодексіне сәйкес дайындалғанын атап өтті.

UKIMET

Министр бірлескен жұмыстың нәтижесінде бюджет қаражаты қайта бөлінгенін, 30 млрд теңге – өңірлердегі инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға, шамамен 4 млрд теңге – бірінші кезектегі шығыстарды қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өтті. Сонымен қатар дамудың басым бағыттарына 1,4 трлн теңге сома қайта бөлінді.

Мәди Такиев биылғы бюджетті қалыптастыру ең жауапты және күрделі процестердің бірі болғанын айтты. Оның айтуынша, бұл нәтиже мен тиімділікке бағдарланған жаңа Бюджет кодексінің қолданылу аясында қалыптастырылған алғашқы бюджет.

Қаржы министрі сондай-ақ 2026 жылға арналған бюджеттің негізгі параметрлері туралы баяндады. Оның сөзінше бюджет параметрлері келесідей қалыптасты.

2026 жылға түсімдер 23,1 трлн теңге деңгейінде болжануда. Оның ішінде, (трансферттерді есептемегенде) кірістер 19,2 трлн теңгені құрайды. Экономиканың өсіміне, жаңа Салық кодексінің қабылдауына, оның ішінде салықтық және кедендік әкімшілендіруге байланысты, осы жылмен салыстырғанда кірістер 3,6 трлн теңгеге артып отыр. Бұл, мемлекеттік қаржының тұрақтылығына алып келеді. Бюджет шығыстары 27,8 трлн теңгені құрады.

2026 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,5% деңгейінде, ал 2028 жылға қарай 0,9%-ға дейін төмендеуі болжанып отыр.

Мәди Такиев бюджет әлеуметтік салаға бағдарланған күйінде қалып отырғанын атап өтті. 2026 жылы әлеуметтік салаға 10,7 трлн теңге бағытталады, оның ішінде 6,8 трлн теңге – әлеуметтік төлемдер және 3,9 трлн теңге – адами капиталға инвестициялар. Үкіметтің басты міндеті – құрылымдық реформалар және шығындардың тиімділігін күшейту арқылы азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту. 2026 жылы халықты әлеуметтік қорғауға 6,8 трлн теңге бөлінді. Негізгі шешімдердің бірі әлеуметтік төлемдерді тағайындаудың цифрлық тетіктерін дамытуды бастау және проактивті форматқа көшу екенін айтты. Бұл адами факторды азайтады, бюрократияны төмендетіп және көмек көрсетуді тездетеді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, денсаулық сақтау саласына 2,7 трлн теңге қарастырылған. Биылмен салыстырғанда бұл қаражат 107 млрд теңгеге артық. Бұл медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Білім және ғылым саласына 901,7 млрд теңге жоспарлануда. Білім беру процесінің сапасын жақсарту, дарынды жастарды қолдау және ғылыми орталықтарды дамыту бойынша басымдықтар сақталуда.

2026 жылы мәдениет, туризм және спортты дамытуға 263,5 млрд теңге қарастырылған. Мемлекет басшысының тұрақты экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында мемлекеттік қолдау шараларына кешенді талдау жүргізілді.

2026 жылы экономиканы ынталандыруға шамамен 1,2 трлн теңге жоспарлануда, ал нақты секторды дамытуға жұмсалатын қаражаттың жалпы көлемі 540 млрд теңгеге артып, 3,7 трлн теңгені құрайды. Бұл шаралар жаңа салалық өсу драйверлерін іске қосуға және елдің инвестициялық әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.

Негізгі басымдықтардың бірі өңірлерді дамыту болып қала береді. Өңірлерді дамытуға 2026-2028 жылдарға 581 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 2026 жылы – 300 млрд теңге. Бұл жобалар аса маңызды және жалпыхалықтық маңызға ие. Әкімдіктердің дербестігін арттыру мақсатында 2026 жылы өңірлерге трансферттер арқылы 5,1 трлн теңге бағытталады.

Күштік құрылым блогына 2026 жылы 3 трлн теңге бөлінеді, бұл биылмен салыстырғанда 335 млрд теңгеге артық. Осылайша, 2026 жылы қорғаныс шығындары ЖІӨ-нің 1%-ын құрайды.

Қаражат тек жауынгерлік дайындықты қолдауға ғана емес, сонымен қатар жүйелік инновацияларды жүзеге асыруға да жұмсалады.

2023 жылдың қазан айында Арнаулы мемлекеттік қор құрылғаны атап өтілді. Биыл қазан айында қорға жалпы түсімдер 490 млрд теңгені құрады, оның ішінде 459 млрд теңгеге еліміздің барлық өңірінде сумен жабдықтау, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласындағы 452 әлеуметтік жобалар қаржыландырылды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -