Батыр Ғазиз Байтасов туралы фильм прокатқа шықты

1342
Фотосурет: Gov

Республика күні қарсаңында Астанада Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен түсірілген «Капитан Байтасов» фильмі таныстырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Фильмнің тұсаукесеріне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, құқық қорғау органдарының өкілдері, мәдениет қайраткерлері, актерлер мен туындының шығармашылық тобы, сондай-ақ батырдың отбасы – жұбайы Гүлжамал Тажиева мен ұлы Арманжан қатысты.

Киноның көрсетілімі алдында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биыл құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде ержүрек сақшылардың ерлігі халыққа жанқиярлықпен қызмет етудің үлгісі ретінде жұртымыздың жадында сақталуға тиіс екенін айтты. Осы тұрғыдан келгенде, қалың көрерменге жол тартқан жаңа фильмді бұл бағыттағы іргелі істердің жарқын көрінісі деп қабылдаймыз. Ғазиз Байтасов – қысқа ғұмырында қылмысқа қарсы күресті қастерлі парыз санап, Отанға адал қызмет етудің озық үлгісін көрсетті»,– делінген құттықтау хатта.

Фильмнің сюжеті 2011 жылдың 12 қарашасында Тараз қаласында болған шынайы оқиғаға негізделген. Сол күні полиция капитаны Ғазиз Байтасов өз өмірін қиып, террористі тоқтатып, бейбіт тұрғындардың өмірін сақтап қалған еді. Полицейдің бұл ерлігі батырлықтың, патриотизм мен адалдықтың символына айналды.

Аида Балаева өз сөзінде мұндай жобаларды қолдау – ұлттық киноны дамыту ғана емес, сонымен бірге жас ұрпақтың бойына ерлік, әділдік, адалдық сияқты құндылықтарды дарытудың маңызды құралы екенін атап өтті.

«Капитан Байтасовтың жанқиярлық қызметі – нағыз патриотизмнің үлгісі. Фильм тек ерлік туралы ғана емес, ар-намыс пен борыш алдындағы адалдық жайында да терең ойға жетелейді. Мемлекетіміздің тыныштығы мен қауіпсіздігі – елдегі әр азаматтың ортақ жауапкершілігі.

Президентіміз атап өткен «Заң мен тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары осы фильмде көрініс тапқан ерлік пен елге адалдық сынды құндылықтармен үндесіп жатыр. Өйткені мемлекеттің қуаты – заң мен тәртіпте, ал ұлттың беріктігі – азаматтарымыздың адалдығы мен жауапкершілігінде екені сөзсіз», – деді министр.

Аида Балаева сондай-ақ фильмді түсіруге атсалысқан барлық шығармашылық ұжымға алғысын білдірді.

Картинаның режиссері – Дәурен Қамшыбаев. Басты рөлдерді белгілі қазақстандық актерлер – Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит, Дархан Сүлейменов, Қобыланды Болат және Самал Еслямова сомдаған.

«Капитан Байтасов» фильмі 23 қазаннан бастап Қазақстанның барлық кинотеатрларында көрсетіледі.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -