Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың экономиканы әртараптандыру және өнеркәсіп секторларының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыру шеңберінде қолданыстағы өндірістерді жаңғырту және жаңа өндіріс орындарын құру, сондай-ақ салаға белсенді түрде инвестициялар тарту жөнінде бірқатар шара қабылдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Толығырақ Primeminister.kz. сайтында жарияланған шолудан оқи аласыздар.
Өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестиция көлемінің өсуі
Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында өңдеуші сектордың негізгі капиталына салынған инвестиция көлемі 34,3%-ға өсті. Жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға, жаңа өндіріс орындарын құруға, еңбек өнімділігін арттыруға және қазақстандық өнімнің экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге тікелей әсер ететін өнеркәсіптік инфрақұрылыммен қамтамасыз етуге басты назар аударылады.
Инвестиция тарту үшін өнеркәсіптік жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдайды қамтамасыз ететін арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар белсенді түрде дамып келеді.
2025 жылы Ақтөбе және Қызылорда облыстарында жаңа арнайы экономикалық аймақ іске қосылды (барлығы 16 АЭА, 61 индустриялық аймақ, 34 шағын өнеркәсіптік аймақ). Бүгінгі таңда АЭА аумағында 532 жоба жүзеге асырылды, оның ішінде 85-і шетелдіктердің қатысуымен, тағы 449 жоба іске асырылу сатысында, оның 42-сі – шетелдік қатысумен. АЭА-ға тікелей шетелдік инвестиция көлемі шамамен 925,3 млрд теңгені (2 млрд АҚШ доллары) құрады.
2025 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында өңдеуші секторда жалпы құны 3,1 трлн теңгеден астам (6,2 млрд АҚШ доллары) инвестициялар туралы 5 келісім жасалды. Ферроқорытпа өндірісі, жолаушылар вагондары, цемент сияқты және басқа да бағыттарды қамтитын тағы 4 келісім қарастырылуда.
Қолданыстағы өндірістердің жүктемесін қамтамасыз ету және бұрын Қазақстанда өндірілмеген өнім шығаруды ынталандыру мақсатында ұзақмерзімді жеткізу шарттарының тетіктері белсенді түрде енгізілуде. Мұндай офтейк-келісімшарттар инвесторлар үшін тәуекелдерді айтарлықтай төмендетеді және өнімнің кепілді өткізілуін қамтамасыз етеді. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 1 трлн теңгеден астам сомаға ұзақмерзімді 898 шарт пен офтейк-келісімшарт жасалды. Биылғы қаңтар-шілде айларында 1,179 трлн теңгеге 1 035 шарт жасалды, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе артық.
Басым салаларда 190 жобаны іске қосу
Еліміздегі индустриялық дамуды жеделдету мақсатында жалпы құны 1,5 трлн теңге болатын 190 жобаны іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар металлургия, машина жасау, мұнай-газ химиясы және тамақ өнеркәсібі салаларында 22,6 мың жаңа жұмыс орнын құруды қамтамасыз етеді.
Аталған жобалар жоғары технологиялық өндірістерді құруға, шикізатты терең өңдеу деңгейін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өңдеуші салалардың экспорттық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Бүгінгі таңда жалпы инвестиция көлемі 838,1 млрд теңгені құрайтын 115 жоба іске қосылып, 13 384 жұмыс орны құрылды. Сондай-ақ осы жылдың соңына дейін жалпы инвестиция көлемі 691,1 млрд теңгені құрайтын 75 жобаны іске қосу жоспарлануда. Оның аясында 9,2 мың жаңа жұмыс орны ашылады.
Негізгі жобалардың арасында мынадай жобалар бар:
1. «Казполиграф» ЖШС – Қостанай облысында терең локализацияланған автокөліктің жетекші көпір арқалыған өндіру жобасы, инвестиция сомасы – 78,2 млрд теңге, 100 жұмыс орны құрылмақ. Жылына 46 мың қалып құю өнімін шығару жоспарлануда.
2. «КазТурбоРемонт» сервис орталығы – Атырау облысында локомотивтердің тірек арқалықтарын өндіруге арналған дәнекерлеу цехының құрылысы, инвестиция сомасы – 4 млрд теңге, 80 жұмыс орны ашылады. Жылына 1 000 дана өнім шығару жоспарлануда.
3. «Новоишимский мелькомбинат» ЖШС, Солтүстік Қазақстан облысында аралас жем өндірісіне арналған зауыттың құрылысы. Инвестиция сомасы – 1,5 млрд теңге, 35 жұмыс орны құрылады. Жылына 750 мың тонна шығару жоспарлануда.
Барлық жобалар толық қуатында іске қосылған жағдайда олардың жалпы өндіріс көлемі шамамен 2,3 трлн теңгені құрайды, оның ішінде 0,8 трлн теңгеге өнім экспортқа шығарылып, 1,5 трлн теңге көлемінде импортты алмастыру қамтамасыз етіледі.
Сонымен қатар ауылдық жерлерде 5,7 мың тұрақты жұмыс орнын және моноқалаларда 1,8 мың жұмыс орнын құру жоспарлануда.
Елді индустрияландыру өндірілетін өнімнің аясын кеңейтуге мүмкіндік берді. Соңғы 3 жылда полипропилен, ферросилиций, ыстық брикеттелген темір, арнайы кокс, тұрмыстық техника, автомобиль шиналары және жүк көліктеріне арналған компоненттерді құю өндірісі сәтті іске қосылды. Тыңайтқыштардың жаңа түрлерін («ҚазАзот», «ҚазФосфат»), құрылыс материалдарын (керамикалық плитка, жылу оқшаулағыш материалдар, энергия үнемдейтін әйнек), мұнай-газ жабдықтарын (Caspi Oil Capital), дәрілік заттарды шығару жолға қойылды.
Терең қайта өңдеу жобаларына баса назар аудару
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жоғары қайта өңдеу деңгейі бар өндірістерді игеруге ерекше назар аудара отырып, отандық шикізат пен құрамдас бөлшектерді барынша пайдалану, сондай-ақ ірі кәсіпорындар айналасында аралас өндірістерді дамыту көзделген.
Аталған бастамалар экономиканы әртараптандыру және өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру бағдарламасы аясында іріктелген. Олардың қатарында KIA Qazaqstan (Қостанай облысы) және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan (Алматы қаласы) автомобиль зауыттары бар, сондай-ақ металлургия, химия, мұнай-химия және тамақ өнеркәсібі бойынша жобаларды жүзеге асыру жалғасуда:
1. «Mineral Product International» ЖШС металлургия кластері (Павлодар облысы).
2. «ССГПО» АҚ ыстық брикеттелген темір өндіру зауыты (Қостанай облысы).
3. Qarmet комбинатын жаңғырту (Қарағанды облысы).
4. «KAZ Minerals Smelting»/NFC ЖШС мыс балқыту зауыты (Абай облысы).
5. «Ертіс» гидрометаллургия комбинаты (Павлодар облысы).
6. «Бутадиен» ЖШС бутадиен және оның туындыларын өндіру зауыты (Атырау облысы).
7. «KMG PetroChem» ЖШС полиэтилентерефталат (ПЭТФ) өндіру зауыты (Атырау облысы).
8. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Шымкент мұнай өңдеу зауытының екінші кезегі (Шымкент қ.).
9. «КазАзот Prime» ЖШС аммиак пен карбамид өндіру зауыты (Маңғыстау облысы).
10. «Qazaq Kalium Ltd» жеке компаниясының калий тұздарын өндіруге арналған байыту-өндірістік кешені (Батыс Қазақстан облысы).
11. «Астана Туризм» ЖШС көпфункционалды туристік ауданы (Астана қаласы).
12. «Жылы жағажай» кешенді дамуы (Маңғыстау облысы).
13. Бидай мен бұршақты терең өңдеуге арналған интеграцияланған агроөнеркәсіптік кешен (Астана қаласы).
14.«Qostanai Grain Industry» ЖШС дән мен бидайды терең өңдеу зауыты (Қостанай облысы).
15. «Силлено» ЖШС «KMG PetroChem» ЖШС интеграцияланған газ-химия кешені (Атырау облысы).
Ыстық брикеттелген темір өндірісі мысалындағы жаңа буын металлургиясы
Бұдан бөлек, маңызды бағыттардың бірі – экологиялық таза металлургияны дамыту.
Атап айтқанда, Қостанай облысында осы бағытта ірі жоба жүзеге асырылып жатыр. Eurasian Resources Group (ERG) компаниясы Primetals Technologies Austria GmbH (Австрия) және Midrex Technologies Inc. (АҚШ) консорциумымен стратегиялық келісімшарт жасасып, Рудныйда ыстық брикеттелген темір өндіретін зауыт құрылысының келесі кезеңіне кірісті.
Жылына 2 млн тонна ыстық брикеттелген темір өндіретін кәсіпорын Орталық Азиядағы жаңа, ең ірі металлургия нысандарының бірі болмақ. Өндіріс MIDREX Flex тікелей темірді тотықсыздандыру технологиясы негізінде жұмыс істейді. Бұл технология дәстүрлі домна әдістерімен салыстырғанда көміртек ізін 50%-дан астам азайтуға мүмкіндік береді.
Жобаның жалпы инвестиция көлемі 650 млрд теңгеден асады, ал оны іске қосу 2029 жылға жоспарланған. Мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Жобаны іске асыру нәтижесінде Қазақстан терең өңделген, бәсекеге қабілетті өнім өндіре отырып, болат өндірісі бойынша әлемдік нарыққа шығуға мүмкіндік алады және экологиялық технологияларды отандық өнеркәсіпке енгізудің үлгісі болмақ.
Мұнай-газ химиясы – индустриялық өсімнің жаңа драйвері
Сондай-ақ өнеркәсіптің ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттарының бірі – мұнай-газ химиясы. 2024 жылы мұнай-газ химиясы өнімдерінің өндірісі 540 мың тоннаға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 150,5%-ға артты.
Сектор үшін маңызды қадамдардың бірі – метанол өндіретін зауыт салу жөніндегі алғашқы инвестициялық келісімге қол қойылуы болды. Бұдан бөлек, мұнай-газ химиясы өнеркәсібін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Сондай-ақ «Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі туралы» жаңа заңның жобасы әзірленіп жатыр, оны 2026 жылы қабылдау жоспарланып отыр.
Есептелген өндірістік көлемге сәйкес, биыл жыл соңына дейін 590 мың тонна мұнай-газ химиясы өнімін өндіру жоспарланып отыр.
Ағымдағы жылдың 9 айында өндіріс көлемі 477,2 мың тонна болды, немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 115,8% (412,2 мың тонна).
Ғылым мен өндіріс синергиясы
Осы ретте ірі отандық компаниялар технологиялық дамуды тереңдетіп, ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті шешімдер жасау мақсатында ғылыми ұйымдармен белсенді түрде ынтымақтасып келеді.
KMG PetroChem компаниясы мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы агроөнеркәсіптік кешенде отандық карбамидті қолдану жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Құжат болашақ карбамид өндірісін ғылыми тұрғыдан растау және оның тиімділігін жан-жақты бағалауға бағытталған.
Келісім аясында Ғылым академиясы топырақ пен өсімдіктерге зертханалық және дала сынамаларын жүргізіп, ғылыми есептер мен практикалық ұсынымдар әзірлейді. 2025 жылы еліміздің әртүрлі агроклиматтық аймақтарында сынақтар басталып, шамамен 600 гектар егіс алқабы қамтылды.
Нәтижелері өнімділікті арттыруға, экспорттық әлеуетті нығайтуға және шаруаларды отандық өндірістің тиімді тыңайтқышымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Осылайша, Үкімет өндірісті жоғары деңгейде өңдеу, өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыру және жаңа жұмыс орындарын құру бағытында жұмыстар жүргізіп келеді.