Әскери қызметшілердің он үш баласы Түркістан облысындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының филиалына келді. Бұл ауысым ғылым мен әлемдік өркениетке арналып, Әбу Насыр әл-Фарабидің 1155 жылдығына орайластырылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Тәжірибелі тәрбиешілер мен тәлімгерлер оқушылардың демалысы мен қауіпсіздігіне жауап береді. Солардың бірі – Гүлсезім Қанатқызы балаларды лагерьдегі дәстүрлер мен күн тәртібімен таныстырды.

– Бізде балалар мен тәлімгерлер арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға бағытталған қызықты ережелер бар. Мысалы, «галстук заңы» бойынша балалар әрқашан тәрбиешінің соңынан ереді, ал «твикс ережесі» олардың жұппен жүруі керек дегенді білдіреді. Осындай қарапайым ережелер бізге ұжымды біріктіруге көмектеседі, – деді ол.

Орталықта балалар бөлмелерге жайғасып, оқу сыныптарын көріп, онда мектеп бағдарламасы бойынша білім алады.
– Мен лагерь қызықты болатынын бірден білдім. Бізді өте жылы қарсы алды. Мұнда таңғажайып табиғат пен керемет әдемі таулар бар. Демалыс маған ерекше әсер етіп, жаңа достар сыйлайтынына сенімдімін, – деді 9-сынып оқушысы Айша Темірбай.

Үш апта бойы сабақпен қатар балалар шығармашылық және спорттық үйірмелерге қатысады. Олар үшін экскурсиялар мен әскери-патриоттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін жетілдіруге бағытталған Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктерінің бірлескен жоспарының арқасында балаларда осындай мүмкіндік бар. Балалардың демалысы мен сауығуын ұйымдастыра отырып, Қорғаныс министрлігі әскери қызметшінің отбасы институтын жүйелі қолдауды қамтамасыз ету үшін жұмыс істейді.