Астанада New Generation School мектебінде «Ішкі күш» атты мотивациялық кездесу өтті. Ол ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды, мектеп оқушыларын, педагогтерді және рухани күш өмірлік тәжірибесінің бір бөлігіне айналған спортшыларды біріктірді. Іс-шара Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE), Қазақстан шахмат федерациясы (Kazchess) және Халықаралық мектеп шахмат федерациясы (ISCF) ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен II Шахмат олимпиадасы аясында өткізілді, деп хабарлайды DKNews.kz.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
Кездесу шынайы да ашық атмосферада өтті. Спикерлер өз өмір жолы туралы ақпаратпен бөлісіп, кейін балалардың сұрақтарына жауап берді және өздері де сұрақ қойды.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
Мұндай формат барлық қатысушыларды жақындастырды: чемпиондар мен оқушылар бір деңгейде сөйлесті. Есту қабілеті бұзылған балалар үшін сурдо-аудармашы мамандары жұмыс істеді, сондықтан әр бала диалогқа толыққанды қатыса алды.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі Асылбек Ахметжанов өз сөзінде:
«Бүгін осы залда отырып, балаларға қарасам, олардың әрқайсысынан үлкен ішкі күшті көремін. Егер олар өздеріне сенсе, армандағанының бәріне жете алады деп сенемін», — деді. Бұл сөздер өзін-өзі тану мен сенімнің қиындықтарды еңсерудегі рөлі туралы пікірталасқа бағыт берді.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
Спикерлер қатарында Коста-Риканың спорт министрі Дональд Рохас Фернандес болды — ол спорттағы тең мүмкіндіктерді қалыптастыру туралы айтты. FIDE-нің ерекше қажеттіліктері бар ойыншылар жөніндегі комиссиясының төрағасы, гроссмейстер Томас Лютер шахматтың адамға өмірлік кедергілерді жеңуге қалай көмектесетінін түсіндірді.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
Грузиядан келген паралимпиадалық семсерлесуші және ЮНИСЕФ елшісі Ирма Хецуриани өз күрес тарихымен бөлісті. Ал қазақстандық спорт шебері, пауэрлифтингпен және әуесқой альпинизммен айналысатын Мария Әуезова спорттың өзіне деген сенімге қалай үйреткенін айтты:
«Барлығы өзіңізден басталады. Ең үлкен мотивация — өзіңіз. Барлығын өзіңіз үшін, өз сеніміңіз үшін, жақсы болу үшін жасаңыз. Шын мәнінде өзіңізге сенген сәтте, сіз бәріне қол жеткізе аласыз. Сонда сіздің жақындарыңыз да сізбен мақтанатын болады», — деді ол, көрермендердің зор ықыласына бөленіп.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
ISCF және Kazchess президенті Тимур Турлов та өз ойын білдірді:
«Біздің басты мақсатымыз — тек шахматты дамыту емес, балалардың өз күшіне деген сенімін арттыру. Осындай кездесулер спорт пен білімнің қаншалықты шабыт сыйлайтынын көрсетеді», — деді ол.
Суретті түсірген: Талғат Досмұхамбетов
«Ішкі күш» кездесуі чемпиондардан бастап оқушыларға дейін әртүрлі адамдардң басын қосты. Әр қатысушы жаңа оймен, сеніммен және ішкі күш пен қолдаудың ғажайыптар жасай алатынына көз жеткізіп қайтты.