Президент Шұғыла Өмірбекті әйелдер күресінен U23 әлем чемпионатындағы тарихи жеңісімен құттықтады, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияның Нови-Сад қаласында өткен әйелдер күресінен 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы (U23) әлем чемпионатында алтын медаль иеленген қазақстандық балуан Шұғыла Өмірбекті тарихи жеңісімен құттықтады.
55 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында Шұғыла Өмірбек жастар арасында бірнеше дүркін Еуропа чемпионы атанған түрік балуаны Тубай Демирді 12:8 есебімен ұтып, айқын басымдықпен жеңіске жетті. Бұл жетістік – Қазақстан тарихындағы әйелдер күресі бойынша әлемдік деңгейдегі алғашқы алтын медаль.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2017 жылдан бері өткізіліп келе жатқан U23 әлем чемпионатында бұған дейін бірде-бір қазақстандық спортшы финалға дейін жетпеген еді. Сондықтан Шұғыланың жеңісі – отандық спорт үшін нағыз тарихи серпіліс болды.
Мемлекет басшысы жеңіс маңыздылығын атап өтіп, спортшыға еңбегі мен табандылығы үшін алғысын білдірді.
«Бұл – тарихи жетістік. Қазақстан алғаш рет мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық турнирде алтын медаль жеңіп алды. Жастарымыздың еңбекқорлығы мен табандылығы арқасында түрлі салада жақсы нәтижелерге жетіп жүргені қуантады.Шұғылаға зор табыс пен жаңа жеңістер тілеймін!» Қасым-Жомарт Тоқаев
Бұған дейін Шұғыла Өмірбектің ең ірі жетістігі – 2024 жылы Иорданияда өткен U23 Азия чемпионатындағы күміс медаль болатын.
Енді жас спортшы бір саты жоғары көтеріліп, Қазақстан тарихындағы алғашқы U23 әлем чемпионы атанды.
Шұғыла Өмірбектің бұл жеңісі – қазақстандық жастардың рухының мықтылығын, еңбек пен табандылықтың нәтижесін дәлелдейтін жарқын үлгі. Сонымен қатар, ол еліміздегі әйелдер күресінің дамуына үлкен серпін берді.