Қазақстандық лоукостер FlyArystan 2025 жылдың қазан айында маңызды межеге жетіп, 20-миллионшы жолаушысын тасымалдады, деп хабарлайды DKNews.kz.
«FlyArystan» АҚ президенті, Ричард Леджер:
«Алты жылдық жұмыс ішінде 20 миллион жолаушыны тасымалдау – Қазақстан халқының санымен шамалас көрсеткіш. Бұл – еліміздегі ішкі және халықаралық әуе қатынасының дамуына, аймақтық маршруттық желінің кеңеюіне және азаматтардың мобильділігінің артуына қосқан үлесіміздің нақты көрінісі. Айта кетерлігі, осы жолаушылардың үштен бір бөлігі билеттерді 15 000 теңгеге дейінгі бағада сатып алған. Сол арқылы миллиондаған адам үшін алғаш рет әуе көлігімен сапарлау мүмкіндігіне жол ашты. Бұл дерек адамдарды жаңа көкжиектерді ашуға шабыттандыру және қауіпсіз де жайлы сапарлау мүмкіндігін ұсынудағы біздің негізгі ұстанымымызды айқын дәлелдейді».
Бүгінде FlyArystan Қазақстанның 14 қаласына тұрақты рейстер орындайды. Халықаралық маршруттық желі Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Грузия бағыттарын қамтиды. 2025 жылдың жаңа тұрақты және маусымдық бағыттар қатарында: Алматы – Инин, Қарағанды – Стамбул, Астана – Газипаша, Алматы – Тамчы (Ыстықкөл) және Ақтау – Дубай болды.
Тек 2024 жылын алғанда, FlyArystan әуекомпаниясының қызметін 4,2 миллионнан астам жолаушы пайдаланды, бұл Air Astana тобының жалпы жолаушылар ағынының 46,6% құрады.
2025 жылғы қаңтардан бастап «FlyArystan» АҚ жеке пайдаланушы сертификатын алып, FS коды бойынша дербес әуекомпания ретінде жұмыс істей бастады. Ал маусым айында лоукостер Skytrax World Airline Awards бойынша үшінші рет қатарынан Орталық Азия мен ТМД-дағы үздік бюджеттік әуекомпаниясы марапатына ие болды.