Қазақстан ДДСҰ-ның жұқпалы емес аурулардан өлім-жітімді азайту мақсатына қол жеткізген елдерінің қатарына кірді

1155
Фотосурет: Gov

Қазақстан Орталық Азияның бірінші елі және 2025 жылға қарай инфекциялық емес аурулардан (ИЕА) мезгілсіз өлімді 25%-ға төмендету бойынша нысаналы көрсеткішке қол жеткізген ДДҰ Еуропалық өңірінің он елінің бірі болып танылды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Бұл нәтижені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін нығайтудағы маңызды жетістік ретінде атап өтті.

Жүрек-қан тамырлары ауруларының профилактикасы және емдеу бойынша кешенді шараларды іске асыру өлімді төмендетуге үлкен үлес қосты. Елімізде шұғыл көмек көрсетудің заманауи инфрақұрылымы құрылды – 2017 жылдан бастап 2024 жылға дейін 85 инсульт орталығы ашылды, бұл инсульттан кейінгі өлім мен мүгедектік көрсеткіштерін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді.

Денсаулық сақтау министрлігінің деректері бойынша  2025 жылдың 9 айында Қазақстанның инсульт орталықтарында 39 447 пациент емделді.

Стационарлық өлім 11,3%-ды құрады, бұл соңғы жылдардағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі.

Ишемиялық инсульт кезінде жүргізілген тромболиздің үлесі 6%-ға жетті - 2025 жылы тромболитикалық терапияның 1872 емшарасы орындалды.

Нейрохирургиялық белсенділік 5%-ды құрады.

Инсульт қызметінің жұмысын үйлестіруді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында жұмыс істейтін Инсульт проблемалары жөніндегі республикалық үйлестіру орталығы жүзеге асырады. 32 III деңгейлі орталықты, 30 II деңгейлі орталық пен 23 инсульт төсегі бар медициналық ұйымдарды қоса алғанда ол елдің 85 инсульт орталығына әдістемелік және ұйымдастырушылық қолдау көрсетеді.

Дүниежүзілік инсультпен күрес күніне орай 29 қазанда Астанадағы Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының базасында Ашық есік күні өткізіледі.

Іс-шара ДДҰ қолдауымен Салидат Қайырбекова атындағы Ұлттық ғылыми  денсаулық сақтауды дамыту орталығымен бірлесіп ұйымдастырылды.

Акцияның мақсаты – инсульт профилактикасы, қауіп факторлары және ауруларды ерте анықтаудың маңыздылығы туралы халықтың хабардарлығын арттыру.

Бағдарламада:

  • тегін жедел диагностика;
  • қан қысымын, холестеринді және қандағы глюкозаны өлшеу;
  • невропатологтың, терапевттің, кардиолог және салауатты өмір салты мамандарының консультациялары;
  • инсульттің қауіп факторлары туралы ақпараттық материалдарды тарату.

Денсаулық сақтау министрлігі дәрігерлер мен денсаулық сақтауды ұйымдастырушыларға инфекциялық емес аурулардың профилактикасы және емдеу жүйесін нығайтуға қосқан үлесі үшін алғыс білдіреді, соның арқасында мыңдаған қазақстандықтар толыққанды өмір сүруге мүмкіндік алды.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -