2025 жылғы 22 қазан мен 22 қараша аралығында елімізде жылыту маусымында өрттің және улы газбен алдын алуға бағытталған өрт қауіпсіздігі республикалық профилактикалық айлығы өткізілуде, деп хабарлайды DKNews.kz.

Айлық аясында 29 қазанда Астана қаласында тұрғын үй секторында профилактикалық рейд өтті. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың тұратын орындарына ерекше назар аударылды. Рейдке елордалық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, әкімдік өкілдері, полиция қызметкерлері, волонтерлер және электржелілік ұйымның мамандары қатысты.

Рейд барысында мамандар Сарыарқа ауданындағы үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін, мұржаларды дер кезінде тазалау қажеттілігі және пеш жабдықтарын пайдалану кезіндегі сақтық шараларын еске салды. Бірқатар үйлерге газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктер орнатылды.

Жылыту маусымы басталғалы бері Астана қаласында 60 рейд жүргізіліп, 4 437 үй қамтылды, өрт қауіпсіздігі талаптарының шамамен 8 000 бұзушылығы анықталды. Соңғы төрт жыл ішінде елордада газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын 3 000-нан астам датчик, ал биылғы жылы әлеуметтік тұрғыдан осал отбасылардың үйлеріне 233 датчик орнатылды. Сонымен қатар 10-нан астам үйде пештер мен электр желілеріне жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Осындай жұмыс өңірлерде де жүргізілуде. Мәселен Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жылыту маусымы басталғалы бері тұрғын үй секторында 18 000-нан астам үйді аралап, өрт қауіпсіздігі талаптарының шамамен 11 000 бұзушылығын анықтады, олардың 1 190-ы орнында жойылды. Әкімдіктермен бірлесе отырып, газдың және жану өнімдерінің қауіпті концентрациясын анықтайтын датчиктерді орнату жұмыстары жалғасуда. Соңғы жылдары 17 000-нан астам құрылғы орнатылып, олардың арқасында 42 адамның өмірі құтқарылды. Биылғы жылыту маусымында қосымша 200-ден астам датчик орнатылып, жеке тұрғын үйлердегі пештерді ретке келтіру жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Тараз қаласындағы Шөлдала тұрғын алабында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша кең ауқымды акция өткізілді. Іс-шараға Төтенше жағдайлар басқармасының, газ қызметінің, полицияның және волонтерлердің 66 өкілі қатысты. Мамандар шамамен 625 үйді аралап, жылыту құралдарының мен мұржалардың жай-күйін тексеріп, тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Профилактика барысында 23 улы газ датчигі орнатылып, 15 мұржа тазартылды.
Өрт қауіпсіздігі айлығы аясындағы профилактикалық іс-шаралар еліміздің барлық өңірлерінде жалғасады. Негізгі мақсаты тұрғын үй секторындағы өрттердің санын азайту және жылыту маусымында адамдардың қаза болуына жол бермеу.
Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі барлық азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажеттігін ескертеді:
- жарамды пештер мен электр аспаптарын ғана пайдаланыңыз;
- пештің қызып кетуіне және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуіне жол бермеңіз;
- мұржаны уақтылы күйеден тазартыңыз;
- пештің және электр аспаптарының ақауларын үнемі тексеріп отырыңыз;
- пеш жағуды балаларға тапсырмаңыз;
- жағу үшін тез тұтанатын сұйықтықтарды пайдаланбаңыз.