ҚДБ өнеркәсіпті қолдауды кеңейтуде — назар сирек металдарды қайта өңдеуге аударылды

1386
Фотосурет: Gov

ҚДБ жаңа ауқымды қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті, деп хабарлайды DKNews.kz.

«Қазақстанның Даму Банкі» АҚ («Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымы) 2025–2030 жылдарға арналған сирек, жерде сирек кездесетін және стратегиялық маңызды материалдарды өндіру мен қайта өңдеу жобаларын қаржыландыру бағдарламасын іске қосты. Бағдарламаның жалпы көлемі – 1 миллиард АҚШ доллары.

Аталған бастама Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында белгіленген экономиканы әртараптандыру және жоғары технологиялық өндірістерді дамыту жөніндегі стратегиялық бағыттарды жүзеге асырудың маңызды тетігі болмақ.

Бағдарламаның басты мақсаты – ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар салада инвестициялық жобаларды жүзеге асырып жатқан орта және ірі кәсіпкерлік субъектілерін қолдау.

Қаржыландыру тетіктері кәсіп иелеріне барынша тиімді жағдай жасауға бағытталған. Атап айтқанда, ең төменгі қаржыландыру сомасы 5 млрд теңгеге дейін төмендетілді. Қаражат доллар, еуро, юань және басқа да валюталарда 20 жылға дейінгі мерзімге беріледі. Сонымен қатар ұйымдастыру және шарттарды өзгерту бойынша комиссиялар алынып тасталды, сондай-ақ жеңілдік кезеңі қарастырылған.

ҚДБ ұсынған бағдарламаның өзектілігі – сирек және стратегиялық маңызды материалдарды қайта өңдеу саласының ел өнеркәсібін әртараптандыру мен Қазақстанның жаһандық құн тізбектеріне ықпалдасуындағы ерекше маңызымен айқындалады.

Сонымен қатар бұл бағдарлама 2024–2028 жылдарға арналған сирек және жерде сирек кездесетін металдар саласын дамыту жөніндегі кешенді жоспардың міндеттерін орындауға да өз үлесін қосады.

"Бұл бағдарлама Банк тарапынан экономиканың жаңа өсім нүктелерін қолдауға бағытталған стратегиялық ұстанымын көрсетеді. Біз Қазақстанды жоғары қосылған құнға ие дайын өнім өндіруші елге айналдыру үшін нақты жағдай жасап отырмыз. Бұл өз кезегінде жаңа технологиялық тізбектердің қалыптасуына, отандық өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және еліміздің жаһандық маңызды материалдар нарығындағы орнын нығайтуға мүмкіндік береді" Қазақстанның Даму Банкінің басқарма төрағасы Марат Елібаев

Қаржыландыру металлургия саласындағы жобаларға, соның ішінде қайта өңдеу өндірісі бар тау-кен металлургия кешендеріне бағытталады. Қарыз алушылар үшін негізгі талаптардың бірі – JORC халықаралық стандарты бойынша қорлардың расталуы. Бағдарлама шеңберінде жерде сирек кездесетін элементтері (лантаноидтар, скандий, иттрий), сондай-ақ жоғары технологиялар, «жасыл» энергетика және электроника салаларында сұранысқа ие литий, кобальт, вольфрам, германий, галлий, графит және өзге де материалдар бойынша жобалар қарастырылады.

Бағдарламаны іске асыру елдің технологиялық және өнеркәсіптік дамуына серпін беріп, жаңа жұмыс орындарын ашуға, жоғары қосылған құнға ие өнім экспортының ұлғаюына және шикізатты терең өңдеу көлемін арттыруға ықпал етпек. Қазақстан экономикасы үшін бұл – жаңа мүмкіндіктер мен орнықты дамудың кепілі, ал ҚДБ үшін – жоғары технологиялық сектордағы ұзақмерзімді инвестициялық жобалар портфелін кеңейту және қаржылық тұрақтылықты нығайту жолындағы маңызды қадам.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -