БҚО-да төрт ауылдың тұрғындарының қауіпсіздігін жаңа өрт сөндіру пункті қамтамасыз етеді

1276
Фотосурет: Gov

Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Ақбұлақ ауылында жаңа ерікті өрт сөндіру пунктінің салтанатты ашылуына қатысты. Бұл нысан ауылдық жерлерде ерікті өрт сөндіру бөлімшелерінің желісін дамытуға және өрт қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық бағдарламасы аясында ашылды. Жаңа пункт Ақбұлақ, Ақсу, Достық және Жаңақоныс ауылдарына қызмет көрсететін болады. Бұл елді мекендерде 1700-ден астам адам тұрады, деп хабарлайды DKNews.kz.

  Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде министр мұндай нысандардың ашылуы азаматтық қорғау жүйесіндегі маңызды элемент екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы ауылдарда азаматтық қорғау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі. Елімізде 6179 ауыл бар, оның 416-сы Батыс Қазақстан облысында орналасқан. Біздің мақсат барлық елді мекендерді кезең-кезеңімен қамту. Бүгінде ауылдық ерікті өрт сөндіру бекеттерін құру ісіне әкімдіктер мен бизнес өкілдері белсенді түрде атсалысуда», — деп Шыңғыс Әрінов атап өтті. 

Оның айтуынша ерікті өрт сөндіру қозғалысын дамыту төтенше жағдайларға ден қою жүйесін жылдамырақ әрі халыққа жақынырақ етеді.

 Жаңа өрт сөндіру пункті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, онда қызмет атқаруға қажетті барлық жағдай жасалған: мұнда өрт сөндіру техникасына арналған бокс, кезекшілер бөлмесі, асхана, қойма, душ бөлмесі және демалыс бөлмесі бар. Еріктілер ТЖМ бөлімшесі берген өрт сөндіру автоцистернасымен, өрт сөндірушінің жауынгерлік киімімен және жедел байланысқа арналған радиостанциялармен қамтамасыз етілді. Мұндай пункттердің құрылуы жергілікті қызметтердің төтенше жағдайларға ден қою дайындығын едәуір арттырып, ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін нығайтады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -