Теміртауда заманауи жабдықтармен қамтылған су зертханасы ашылды

1287
Фотосурет: Gov

Теміртау жоғары политехникалық колледжінде заманауи құрал-жабдықтармен толық жабдықталған жаңа су зертханасы іске қосылды. Мұнда студенттер тәжірибеден өтіп, кәсіби қайта даярлауға арналған қысқа мерзімді курстарға қатыса алады, сондай-ақ түрлі хакатондар ұйымдастырылады, деп хабарлайды DKNews.kz.

AquaLab су шаруашылығы орталығы колледж студенттеріне болашақ мамандығына қажетті практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді. Зертхана негізінен «гидротехникалық құрылыс» және «гидротехникалық мелиорация» мамандықтарының студенттеріне арналған. Сонымен қатар мұнда оқытушылар, ғылыми жетекшілер, салалық кәсіпорындар мен жобалық институттардың мамандары, экологиялық ұйым өкілдері және мектеп оқушылары да жұмыс істей алады.

— Зертхананы тек студенттеріміз ғана емес, тәжірибелі мамандар да пайдалана алады. Сондай-ақ AquaLab орталығының базасында мансап орталықтарымен бірлесіп, қысқа мерзімді кәсіби қайта даярлау курстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл профильдік кәсіпорындардағы кадр тапшылығын азайтуға көмектеседі. Мысалы, «Ертіс–Қарағанды» каналы сияқты нысандарға осындай мамандар қажет, — дейді Теміртау жоғары политехникалық колледжінің оқу-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Салтанат Ақбергенова.

Зертханада сонымен қатар жоғары оқу орындарының оқытушыларымен және өңірдегі ғылыми ұйымдармен бірлескен жобалар іске асырылмақ. Мұнда қонақ дәрістер мен семинарлар өткізіліп, түрлі гранттық жобаларға өтінімдер дайындалады. Сондай-ақ AquaLab базасында су тақырыбындағы хакатон ұйымдастырылып, студенттік R&D топтар құрылып, үздік идеяларды дамытуға бағытталған акселерациялық бағдарламалар жүзеге аспақ.

Зертхана толыққанды әрі тиімді жұмыс істеу үшін қажетті барлық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген: дискілі тырма, талдау құралдары, қышқылдық өлшегіш, пенетрометр, рефрактометр, нитратөлшегіш, муфель пеші және микроскоптар бар. Сондай-ақ ағынды суларды тазартуға арналған зертханалық жабдықтар кешені, заманауи компьютер және оқу процесін өткізуге арналған мультимедиялық тақта орнатылған.

 

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -