Қазақстанда энергетика саласы мамандарына қойылатын біліктілік талаптары бірыңғайландырылуда

1342
Фотосурет: Gov

Энергетика министрлігінде электроэнергетика және жылу энергетикасы саласындағы кәсіби біліктіліктер жөніндегі салалық кеңестің кезекті отырысы өтті. Іс-шарада атқарылған жұмыстардың қорытындылары шығарылып, алдағы кезеңге арналған басым міндеттер айқындалды, деп хабарлайды DKNews.kz.

2023 жылы Кеңес құрылған сәттен бастап кадрлық әлеуетті дамыту және саладағы кәсіби стандарттарды жетілдіру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Электроэнергетиканы дамыту департаменті директорының орынбасары Гүлнара Бахтыбаеваның айтуынша, бірлескен жұмыстың нәтижесінде Энергетика министрінің бұйрығымен энергия өндіру, беру, тарату және қызмет көрсетуге дейінгі негізгі бағыттарды қамтитын 31 кәсіби стандарт бекітілді.

2026 жылы Салалық кеңестің құрамын жаңарту және энергетиканы дамыту мен технологиялық өзгерістерге сәйкес жаңа жұмыс бағыттарын қалыптастыру жоспарлануда.

2025 жылға арналған кәсіби стандарттарды әзірлеу және өзектендіру жоспарын іске асыру аясында Электроэнергетиканы дамыту департаменті «ҚЭА» қауымдастығының, жетекші электр және жылу энергетикалық компаниялардың, жоғары оқу орындарының және техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының оқу-әдістемелік бірлестіктерінің қатысуымен стандарттарды әзірлеу және жаңарту жұмыстарын жүргізді.

Кәсіби стандарттар саланың барлық негізгі кезеңдерін қамтиды — электр және жылу энергиясын өндіру, беру, жөндеу, қызмет көрсету, диспетчерлеу және өткізу. Оларды енгізу біліктілік талаптарын біріздендіруге, білім беру мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға және кадрларды даярлау сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Кәсіби стандарттар кәсіпорындарда кадр саясатын қалыптастыру, лауазымдық нұсқаулықтар мен біліктілік талаптарын әзірлеу, сондай-ақ білім беру бағдарламаларын дайындау кезінде пайдаланылатын болады.

Энергетика министрлігі әрі қарай да Салалық кеңеспен бірлесе отырып, энергетика саласы кадрларының бәсекеге қабілеттілігі мен кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған кәсіби біліктілік жүйесін жетілдіру жұмысын жалғастырады.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -