Алматыдағы достық концерті Қазақстан мен Жапония арасындағы рухани жақындықты паш етті

1419
Фотосурет: Gov

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясының Үлкен залында Қазақстан мен Жапонияның мәдени байланысын тереңдете түскен ерекше кеш өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Концерт басталмас бұрын Жапонияның Халықаралық мәдени алмасу комитетінің өкілдері филармония фойесінде көпшілікке ұлттық мәдениетінің бөлшегі саналатын шай салтанатын көрсетті. Сонымен қатар ұлттық ойындары «сёги» яғни жапон шахматынан шеберлік сыныбын өткізді. Жапондардың үш ішекті сямисен аспабында ойнаған ансамбль де өнер көрсетті. Осылайша көрермен жапон мәдениетімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстандағы Жапония елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл концертте Т.Әбдірашев атындағы ҚР Мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрі өнер көрсетті. Оркестрге Халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты – Қуаныш Исмаилов дирижерлық етті.

Кеште Жапониядан келген Кодай Минода (сямисэн), Маюко Кацумур (скрипка), Кадзухиро Миямура (гобой), Мицукуни Цудзимото (труба) және Тасаитира Мотидзуки (цудзуми) сынды өнерпаздар филармония сахнасында жапондық музыканың ерекшелігін паш етті.

Концерт барысында Ғ.Жұбанованың Скрипка мен оркестрге арналған концертінің І бөлімі, С.Юдаковтың «Поэмасы», Wada-ның «Fusuikyo» туындысы, А.Арутюнянның Труба мен оркестрге арналған концерті сияқты белгілі шығармалар орындалды. Сонымен қатар, Х.Огуридің Гобой мен оркестрге арналған «Балладасы» және Х.Хошинаның гобой, цудзуми және оркестрге арналған «Жарық сәуле астындағы дұға мен ойындар» шығармасы ерекше ықыласқа бөленді.

Бұл мәдени іс-шара музыка тілі арқылы екі елдің рухани байланысы мен достығы арасындағы көпірді нығайта түсті.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -