Қазақстанда қос дипломды халықаралық бағдарламаның алғашқы түлектері оқуын тәмамдады

2035
Фотосурет: AlmaU

AlmaU-де MBA және DBA бағдарламаларының түлектеріне диплом тапсыру салтанаты өтті: халықаралық және ұлттық серіктестік іс жүзінде

2025 жылдың 31 қазанында Almaty Management University (AlmaU) қабырғасында MBA және DBA бағдарламаларының түлектеріне диплом тапсырудың салтанатты рәсімі өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Биылғы іс-шара ерекше маңызға ие болды.

Қазақстанда алғаш рет Қазақстанда GSB AlmaU мен Бельгияның Antwerp Management School (AMS) бірлесіп әзірлеген Global Executive MBA (GEMBA) қос дипломды халықаралық бағдарламасының алғашқы түлектері таныстырылды. Сонымен қатар, AlmaU және Kozybayev University арасындағы ұлттық серіктестік аясында MBA бірлескен бағдарламасының түлектері де өз дипломдарын алды. Бұл - еліміздің өңірлерін дамытуға дайын жаңа буын көшбасшыларының легі.

Салтанатты рәсімнің ашылуында AlmaU негізін қалаушы және ректоры Асылбек Қожахметов сөз сөйледі:

«Ересек адамның білім алу жолы - бұл тек жеке сынақ қана емес, сонымен бірге отбасының да ортақ сынағы. Бұл - кейінге қалдырылған демалыстар мен бірге өткізілмеген кештер, қосымша жауапкершілік пен төзімділікті талап ететін жол. Отбасының қолдауы, сабыр мен сенім - бүгінгі жетістікке жетудің берік іргетасы. MBA түлектері - сіздер өз биіктеріңізді бағындырдыңыздар. Мақсатқа жету, команданы жетелеу және кез келген жағдайға бейімделу қабілетіңізді дәлелдедіңіздер. Ал DBA түлектері - басқару жүйелерінің сәулетшілері. Сіздердің жолдарыңыз - терең ойлау мен тұтастықты көрудің жолы. Сіздер ертеңгі стратегиялық шешімдердің авторларысыздар»

Іс-шараны GSB AlmaU деканы Ксения Южанинова-Караденизли жалғастырып, түлектерді кәсіби қауымдастыққа қабылдауды білдіретін дәстүрлі «шашақ аудару» рәсімін өткізді.

Құттықтау сөзді EY компаниясының Кавказ және Орталық Азия елдері бойынша басқарушы серіктесі Ерлан Досымбеков арнады:

«GSB AlmaU - бай тарихы мен зор беделі бар оқу орны. Университеттің түлектері өздерінің AlmaU-да білім алғандарын зор мақтанышпен айтады. 30 жылдан астам уақыт ішінде 7000-нан астам тыңдаушы дайындалды - бұл айрықша көрсеткіш. Қазіргі заманда білікті мамандарға сұраныс жоғары, ал сапалы білім әрдайым басты құндылық болып қала береді. AlmaU осы үдеріске ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатарда келеді. Сіздер - өз салаларыңыздың кәсіби көшбасшыларысыздар»

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі атынан құттықтау сөзді облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов жеткізді:

«GSB AlmaU мен Kozybayev University арасындағы серіктестік - табысты академиялық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі. Бұл серіктестік өңірлік деңгейде сенімді, бастамашыл және жауапты көшбасшыларды даярлаудың жаңа мүмкіндіктерін ашты. 2025 жылы Петропавл қаласынан 21 тыңдаушы MBA бағдарламасын сәтті аяқтады. Олардың қатарында кәсіпорын басшылары, бизнес өкілдері, мемлекеттік қызметкерлер мен білім және денсаулық сақтау салаларының мамандары бар. AlmaU-дың Жоғары бизнес мектебіне жаңа жетістіктер, жемісті жобалар және халықаралық беделдің одан әрі арта түсуін тілеймін. Әрбір түлек университеттің лайықты өкілі әрі сіздердің мақтаныштарыңыз болсын»

GEMBA бағдарламасының түлектеріне дипломдарды Antwerp Management School-дың ғылыми зерттеулер және валиоризация жөніндегі декан орынбасары Bart Cambré салтанатты түрде табыс етті. Ал GSB AlmaU және Kozybayev University бірлескен MBA бағдарламасының түлектеріне дипломдарды Kozybayev University академиялық мәселелер жөніндегі басқарма мүшесі Айгүл Нұрпейсова мен Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов табыс етті.

Диплом тапсыру рәсімі тек түлектер үшін қуанышты мереке ғана емес, сонымен қатар университет тарихындағы маңызды оқиға болды. AlmaU өзінің халықаралық беделін нығайта отырып, QS Executive MBA Rankings рейтингінде 24-орын иеленіп, QS Global MBA Rankings тізімінде 251+ санатына енді. 2025 жылғы түлектердің шығарылымы жаңа жолдың бастауына айналды - бұл жол бизнеске, қоғамға және ел дамуына үлес қосатын жаңа буын көшбасшыларының жолы.

Биылғы жылы AlmaU Бизнес GSB 456 MBA бағдарламасы магистрантын және 6 DBA докторантын бітірді. Түлектердің бірі – Қазақстан Республикасы өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажекенов, оқудан алған әсерімен бөлісті:

«Бүгін - біздің еңбегіміз бен табандылығымыздың нәтижесін айғақтайтын ерекше күн. Артымызда дәрістер, тәжірибелер, диплом қорғаулары қалды - мұның бәрі оңай болған жоқ. Бірақ дәл осы сынақтар бізді тұлға ретінде де, кәсіби маман ретінде де шыңдады. GSB AlmaU қабырғасында мен басқару, көшбасшылық, стратегия және командамен жұмысқа жаңа көзқарас қалыптастырдым. Біз шешім қабылдауға, жауапкершілік алуға және кең ойлауға үйрендік. Бұл білім мені жаңа деңгейге көтеріп, кәсіби өмірімде жаңа мүмкіндіктер ашты - басшылық менің жаңа дағдыларымды жоғары бағалады»

Оның ойын «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС бас директоры Бауыржан Мұратұлы толықтырды:

«Мен GSB AlmaU-ға оқуға түскенде, тек тиімді басшы болуды мақсат еттім. Алайда бүгін артқа қарасам, бұл оқу мені түбегейлі өзгертті. Мен тек табысты арттыру емес, құндылық қалыптастыруды, тек басқару емес, адамдарды шабыттандыруды үйрендім. AlmaU-дың ең үлкен үлесі - жаңа ойлау және көшбасшылық мәдениетін қалыптастыру. Мұнда мен тек жетістікке емес, оның мәніне ұмтылуды үйрендім»

Салтанатты рәсім барысында AlmaU Қамқоршылар кеңесінің құрметті мүшесі, Polymetal тәуелсіз директоры, KPMG компаниясының Қазақстан мен Орталық Азиядағы экс-президенті және басқарушы серіктесі Жанат Бердалинаны «AlmaU Құрметті профессоры» атағымен марапаттау рәсімі өтті. Сонымен қатар GSB AlmaU үздік оқытушылары студенттердің жоғары бағасына ие болғаны үшін марапатталды. Сондай-ақ MBA және DBA бағдарламаларының үздік түлектері аталды - олардың бизнес-жобалары қазірдің өзінде тәжірибеде жүзеге асырылып, салаларды өзгертетін стартаптар мен корпоративтік шешімдерге айналуда. Бұл түлектердің жетістіктері GSB AlmaU берген білімнің нақты әлеуметтік-экономикалық нәтижеге айналатынын дәлелдейді.

DBA бағдарламасының үздік түлегі Валихан Тен өз әсерімен бөлісіп, бағдарламаның кәсіби дамуына тигізген әсерін атап өтті:

«Бұрын мен AlmaU MBA бағдарламасының алғашқы түлектерінің бірі болдым. Бүгін мен өзімнің ұзақ академиялық жолымды аяқтап отырмын - бакалавриаттан DBA-ға дейін. Бұл тек академиялық жетістік емес, бұл көшбасшы және кәсіпкер ретінде өсу жолы. AlmaU бізге ешқашан тоқмейілсуге мүмкіндік берген жоқ, дәл осы талапшылдық менің жетістіктерімнің негізі болды»

Салтанатты рәсімнің құрметті қонақтарының қатарында Қытай Халық Республикасының ғылым және технология жөніндегі консулы Лю Юйхуэй, білім беру жөніндегі консулы Хуан Сяомин, Түркия Республикасының Елшілігінің білім мәселелері жөніндегі атташесі Айхан Коркмаз, Испания Корольдігінің Елшілігінің экономикалық және сауда істері жөніндегі кеңесшісі Хесус Видаль Боррелья (Jesús Vidal Borrella), сондай-ақ дипломатиялық және іскерлік қауымдастықтың өзге де өкілдері болды.

Рәсімнің қорытындысында қатысушылар AlmaU-дың халықаралық серіктестермен бірлесе отырып ортақ мақсат - Қазақстанның болашағы үшін құндылық жасайтын, стратегиялық ойлайтын және батыл әрекет ететін жаңа буын басқарушыларды даярлау ісін жалғастыратынын атап өтті.

GEMBA бағдарламасы - Antwerp Management School (AMS) бизнес-мектебімен бірлесіп әзірленген бірегей жоба. AMS - Financial Times нұсқасы бойынша әлемнің үздік 50 бизнес-мектебінің бірі және «үштік тәж» деп аталатын беделді халықаралық аккредитациялар (AACSB, AMBA, EFMD) иегері. Қазақстандағы бизнес-білімнің дамуына жаңа серпін берген бұл бағдарлама қос диплом жүйесінің табысты моделін айқындап, отандық менеджерлерге жаһандық кәсіби мүмкіндіктерге жол ашты. GEMBA бағдарламасының алғашқы түлектері осы модельдің тиімділігін өз жетістіктерімен дәлелдеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -