Қазақстан Ұлттық банкі теңгенің тұрақтылығын және валюта операцияларының ашықтығын атап өтті, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қазан айының қорытындысы бойынша теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 529,96 теңгеге дейін 3,5%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 248 млн АҚШ долларынан 271 млн АҚШ долларына дейін ұлғайды. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 6 млрд АҚШ долларын құрады.
Қазан айында Ұлттық қордан 660 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Бұл республикалық бюджетке трансферттер бөлуді, сондай-ақ «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбырын салу бойынша инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 11%-ын немесе күніне шамамен 30 млн АҚШ долларын құрады.
Күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдеріне қарай Ұлттық Банк қарашада республикалық бюджетке трансферттер бөлуге Ұлттық қордан 600 млн АҚШ долларынан 700 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
Айналау операциялары аясында қазанда 475 млрд теңге азайтылды. Қарашада осы мақсатта 475 млрд теңге валюта сату жоспарда бар.
Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде, сондай-ақ айналау тетігін іске асыру кезінде Ұлттық Банк нарықтық бейтарап қағидатын ұстанады, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді.
Ұлттық Банк қазан айында валюталық интервенция жүргізген жоқ.
Квазимемлекеттік сектор субъектілерінде валюталық түсімнің бір бөлігін міндетті түрде сату нормасы аясында өткен айдың қорытындысы бойынша валюталық түсімді сату көлемі шамамен 279 млн АҚШ долларын құрады.
БЖЗҚ валюталық активтерінің үлесі осыған дейінгі жоспарға сәйкес шамамен 40% екенін ескере отырып, Ұлттық Банк қазанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. Қарашада да валюта сатып алу жоспарланбайды.
Ұлттық Банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді.