KazAID «Азиялық диалог — 2025» ғылыми-білім беру бағдарламасына қатысты, деп хабарлайды DKNews.kz.
2025 жылғы 26–30 қазан аралығында KazAID баспасөз хатшысы Арманай Кабдешова Таиланд Корольдігінің астанасы Бангкок қаласында өткен «Азиялық диалог — 2025» халықаралық ғылыми-білім беру бағдарламасына қатысты.
Бағдарламаны Ресей Федерациясының А. М. Горчаков атындағы қоғамдық дипломатияны қолдау қоры, ММХҚИ-ның АСЕАН орталығы және Таиланд Корольдігінің Сринахаринвирот университеті ұйымдастырды.
Бағдарлама аясында дәрістер, панельдік пікірталастар және жобалық жұмыстар өткізілді. Негізгі тақырыптар – халықаралық қатынастар, қоғамдық дипломатия және АСЕАН өңіріндегі ынтымақтастық мәселелері. Іс-шараға Ресей, Қазақстан, Таиланд, Вьетнам, Малайзия, Камбоджа, Үндістан және Ираннан келген 35-тен астам зерттеуші мен сарапшы қатысты.
«Бұқаралық коммуникациялар және журналистика» бағыты бойынша Ресей мен АСЕАН елдерінің ақпараттық дипломатия саласындағы өзара іс-қимылына SWOT-талдау жүргізілді. Талдау барысында серіктестіктің күшті және әлсіз жақтары айқындалып, мәдени және білім беру бастамалары арқылы ынтымақтастықты кеңейту жолдары ұсынылды.
Форум Бангкок қаласы бойынша мәдени бағдарлама және қатысушыларға сертификаттар табыстау рәсімімен аяқталды.
«Азиялық диалог — 2025» бағдарламасына қатысу халықаралық коммуникациялар мен қоғамдық дипломатия саласындағы кәсіби біліктілікті арттыруға, сондай-ақ KazAID-тің Оңтүстік-Шығыс Азия өңіріндегі серіктестер желісін кеңейтуге мүмкіндік берді.