Ұландықтар тігін машиналарының ішіне жасырылған 8 телефон мен 7 SIM-картаны анықтады

1474
Фотосурет: Ұлттық ұлан

Өскемен қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшілері ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, түзету мекемелері аумағына тыйым салынған байланыс құралдарын өткізу үшін жасалған екі әрекеттің жолын кесті, деп хабарлайды DKNews.kz.

Алғашқы жағдай өндірістік цехқа арналған жабдықтарды алып келген «Газель» маркалы автокөлікті жоспарлы тексеру кезінде анықталды. Көлікті тексерген бақылау тобы арнайы металл іздегіш құралын қолданған. Құрылғы жүктің ішінде бөгде металл заттардың бар екеніне белгі берген.

"Жүксалғышта тұрған тігін машиналары назарымызды аудартты. Оларды тексеру кезінде мотор бөліктерінің корпустары бұзылған іздер анықталды. Бір машинаны бөлшектеп ашу барысында ішінен жасырылған байланыс құралдары табылды" кіші сержант Рүстем Қабдиев

Тексеру нәтижесінде 8 мобильді телефон, 7 SIM-карта және 4 қуаттағыш құрал табылып, мекеме әкімшілігіне өткізілді. Аталған факт бойынша құқық қорғау органдары тексеріс жүргізуде.

Екінші жағдай түзету мекемесінің тексеру бөлмесінде орын алды. Қысқа мерзімді кездесу үшін келген азаматты жеке тексеру барысында ефрейтор Айназ Қасымханова мен қатардағы жауынгер Арман Рахатов, сондай-ақ кезекші бақылаушы қатардағы Досжан Адамбек телефонды жасырын өткізу әрекетін анықтады.

Тексеру кезінде азаматтан IMEI-коды жоқ «VIVO» маркалы телефон және скотчпен оралған USB-кабель табылып, тәркіленді. Ол аталған заттарды сотталғанға бермек болған. Ұландықтар заңбұзушыдан телефонды алып, жедел-тергеу тобын шақырды.

Айта кетейік, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің күзеті – ҚР ІІМ Ұлттық ұланы қызметінің басым бағыттарының бірі. Күн сайын шамамен мыңға жуық ұландық мекеме аумағына тыйым салынған заттардың өткізілуіне жол бермей, тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -