Болашақтағы такси: электрлену, салық саясаты және Алматының мөлдір аспаны

1441
Арман Қоржымбаев Бас редактор
Фотосурет: Forum Taxi Kazakhstan

Алматыда Forum Taxi Kazakhstan 2025 атты еліміздегі ең ірі салалық форум өтті. Іс-шараға таксопарктердің, платформалық сервистердің, қаржы институттарының және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты. Форумның басты тақырыптары – электр көліктерін дамыту және жаңа Салық кодексін енгізу болды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Форумды Қазақстан Таксопарктері мен Курьерлік Қызметтер Ассоциациясы (АТКС) ұйымдастырды. Сарапшылардың пікірінше, такси нарығы бүгінде ұлттық экономиканың ең серпінді дамып келе жатқан салаларының бірі болып отыр: ол жұмыспен қамтуды арттырады, көлік қолжетімділігін жақсартады және қызмет көрсету саласының цифрлануына серпін береді.

Такси – қалалық инфрақұрылымның маңызды бөлігі

Yandex Такси Қазақстан компаниясының бизнес-даму менеджері Алина Ниязова такси қызметінің қала өміріндегі рөлін атап өтті:

«Бір такси қала көшелеріндегі 6–7 жеке автокөлікті алмастыра алады».

Бұл көлік жүктемесін азайтып, ірі қалалардағы жеке автокөлік санын төмендетуге мүмкіндік береді.

Электр көліктері – жаңа басымдық

Форумның басты тақырыптарының бірі – экологиялық көлік құралдарын, әсіресе электр көліктерін дамыту болды. «Алматы» ӘКК АҚ жобалар департаментінің директоры Ұлан Өсербаевтың айтуынша, Алматы қаласында жыл сайын 50–70 миллион литр бензин жағылады. Сондықтан электр көліктеріне көшу ауа сапасын жақсарту мен шығарындыларды азайту үшін аса маңызды.

Бұл бағыттағы үрдіс қазірдің өзінде байқалып отыр: Yandex Такси Қазақстан желісінде 4 мыңнан астам электр көлігі жұмыс істейді, олар тек 2025 жылдың қыркүйегінде 100 мыңнан астам сапар жасаған. Ең танымал үлгілер – Hongqi E-QM5 және BYD Qin Plus.

Экономикалық тұрғыдан да электр көліктер тиімді:

  • іштен жану қозғалтқышы бар көлікті отынмен толтыру шамамен 130 мың теңге,
  • ал электр көлігін қуаттау – 78 мың теңге;
  • жөндеу шығындары тиісінше 30 мың және 36 мың теңге шамасында.

Сонымен қатар, электр көлігімен жұмыс істейтін жүргізушілердің табысы дәстүрлі көліктермен салыстырғанда орта есеппен 10% жоғары.

Электр көліктері – автопаркті жаңартудың жолы

Қазақстан Автокөлік Одағының президенті Анар Макашева еліміздегі автопарк жағдайына тоқталды: қазір жолдарда 5,8 миллион көлік жүріп жатыр, олардың 60%-ы 10 жылдан ескі, ал 40%-ы – 20 жылдан да асқан.

«Электр көліктеріне салынатын кедендік баждың артады деген әңгімелер негізсіз. Электр көліктеріне арналған нөлдік мөлшерлеме ДСҰ аясында бекітілген және ол Қазақстанда сақталады», - деді Макашева.

Оның айтуынша, технологияның даму қарқыны жоғары, алдағы жылдары елімізде жүріс қоры 2000 км-ден асатын жаңа буын электр көліктері пайда болады.

Мемлекеттік қолдау мен инвестициялар

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры Алматы қалалық филиалының директоры Жандос Нұрғазинов такси саласына мемлекеттік қолдау туралы баяндады:

«Біз жалпы құны 80 млрд теңгеден асатын 2000-нан астам жобаны қаржыландырдық. Тек Алматының өзінде – шамамен 6 млрд теңге. Соның арқасында қала көшелеріне 3000-ға жуық такси шықты».

Қазіргі уақытта 60% мемлекеттік және 40% жеке қаржы қатысуымен жаңа қаржылық тетіктер енгізілуде. Бұл тәсіл саланың тұрақтылығын арттыруға бағытталған.

Жаңа Салық кодексі: бейімделу және ұсыныстар

Форум барысында қатысушылар алдағы Салық кодексіндегі өзгерістердің такси нарығына әсерін талқылады.

АТКС төрағасы Мейрам Әбелқасовтың айтуынша, елде таксопарктердің екі түрі бар:

  • біріншілері – автокөлік иелері және оларды жалға береді,
  • екіншілері – өз көлігі бар жүргізушілермен жұмыс істейтін диспетчерлік қызметтер.

Көп жағдайда жүргізушілер жеке кәсіпкер (ЖК) ретінде тіркелген.

Yandex Go компаниясының серіктестік және платформалық жұмыспен қамту жөніндегі даму директоры Наталья Москвитина келесі деректерді келтірді:

«Салада 108 мың жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Өткен жылы олар бюджетке 8,3 млрд теңге салық төледі».

2026 жылдан бастап мобильді қосымша арқылы арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер автоматты түрде өзін-өзі жұмыспен қамтығандар санатына өтеді. Басқа кәсіпкерлер жеңілдетілген салық режимін немесе осы жаңа мәртебені таңдауы керек.

Форум қатысушылары тұрақтылық пен ашықтықты сақтау үшін жаңа жүйеге кезең-кезеңімен көшу қажет деп есептейді. Наталья Москвитина бірнеше ұсыныс айтты:

  • барлық кәсіпкерлерді 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа режимге көшіру;
  • бірнеше салық режимін қатар қолдануға мүмкіндік беру;
  • айналым шегін жылдық форматта белгілеу және оны ұлғайту.

Бизнес қауымдастықтың пікірі

«Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов жаңа Салық кодексіне қатысты өз ұстанымын білдірді:

«Бізге өтпелі кезең қажет. Нарыққа бейімделу уақыты берілуі тиіс. Сондықтан бизнес өкілдерін осы үдеріс талқылауына белсенді қатысуға шақырамыз».

Форум – өзара іс-қимыл алаңы

Форумға мыңнан астам қатысушы жиналды, олардың қатарында мемлекеттік органдардың, ірі компаниялардың және технологиялық платформалардың өкілдері болды. Технологиялық серіктес – Yandex Qazaqstan, тақырыптық серіктестер – Бухта және Interpay, серіктестер – Freedom Drive, Allur (Chevrolet, JAC), Geely, бренд серіктестер – Yume, MyCar Finance, KAIYI және А-Лизинг Казахстан.

Іс-шара екі параллельді сессия мен салалық көрмені қамтыды. Бас ақпараттық серіктес – Kapital.kz, ақпараттық серіктестер – Digital Business, Kursiv Media, Naryk, Bes.Media, “Деловой Казахстан”, ProDengi, NewAuto.kz, “За Рулем Казахстан”, сондай-ақ автоэксперт және блогер Дамир Алаев.

Forum Taxi Kazakhstan 2025 такси саласының Қазақстанда қарқынды дамып, жаңа технологияларды енгізіп жатқанын көрсетті. Сала экологиялық шешімдерге, цифрландыруға және ашық нарыққа бағыт алған. Ендігі мақсат – жаңа салықтық талаптарға бейімделуді кезең-кезеңімен жүзеге асырып, бизнестің өсуіне жағдай жасау.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -