ИКАО (EUR/NAT) Авиациялық оқыту және кадрлық ресурстарды жоспарлау бойынша аймақтық семинарына Германия, Дания, Латвия, Португалия, Ресей, Сингапур, Түркия, Өзбекстан, Чехия, Швеция, Оңтүстік Корея және басқа да елдерден халықаралық ұйымдардың, мемлекеттік органдардың, авиация саласының және оқу орталықтарының өкілдері жиналды, деп хабарлайды DKNews.kz.

ИКАО EUR/NAT аймақтық директоры Николас Ралло семинардың ашылуы кезінде іс-шараның негізгі мақсаттарының бірі сала көшбасшылары, оқытушылар және болашақ мамандар арасында кәсіби байланыс орнату екенін атап өтті:
«Орталық Азияны қоса алғанда, үкімет, азаматтық авиация органдары, өнеркәсіппен және академиялық ортаның өкілдерімен кездескенімде мен маңызды пікірлер естідім. Бұл пікірталастар авиация саласындағы кадрлық ресурстар мәселелерін бірлесіп, ынтымақтастық және ортақ міндеттеме арқылы шешуіміз керек деген сенімімді нығайтты».

Кездесудің ашылуында сөз сөйлеген ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев авиациялық білім беру жүйесін дамыту мен білікті мамандарды даярлау саланың тұрақты өсуінің негізгі шарты екенін атап өтті:
«Бүгінгі күні білім беру бағдарламалары мен еңбек нарығының қажеттіліктері арасындағы тығыз байланысты қамтамасыз ету ерекше маңызды. Жаңа буын мамандары заманауи авиацияның сын-қатерлеріне дайын болып, ұшу қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық шешімдерді енгізуге қабілетті болуы тиіс».

Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің төрайымы Салтанат Томпиева өз баяндамасында биылғы жылдың 9 айындағы саланың өсім көрсеткіштерін келтірді. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар тасымалы 7,2%-ға артты, ал соңғы үш жылда әуе кемелері паркі шамамен 15%-ға өсті. 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті тағы 45%-ға арттыру жоспарлануда.
«Өнеркәсіптің қарқынды дамуымен авиация саласында кадрларға деген қажеттілік артып келеді. Осыған байланысты біз ИКАО-ның, соның ішінде NGAP бастамаларының маңызына ерекше назар аударамыз. Әсіресе жастар арасында кәсіби бағдар беру және авиация мамандықтарын насихаттау жұмыстарына айрықша көңіл бөлінуде» Деп атап өтті С. Томпиева
Екі күндік семинар авиация саласындағы кадрлық ресурстарға деген қажеттіліктер туралы деректерді жинау, талдау және бөлісудегі озық тәжірибелерді талқылауды, сондай-ақ келесі буын авиация мамандарын тарту бойынша табысты бастамалардың тұсаукесерін қамтиды. Авиация саласын оқыту бойынша панельдік сессияларда оқыту ұйымдарының бағдарламаларды практикалық талаптарға қалай бейімдей алатыны және ең сұранысқа ие құзыреттіліктерді қалай дамыта алатыны талқыланады.

Спикерлердің қатарында Еуропалық біліктілікті арттыру орталығының (JAA TO) бас директоры Паула В. де Альмейда; Eurocontrol әуе кеңістігі, жүйелері және процедуралары жөніндегі атқарушы менеджер Милена Боуман; GATE авиациялық оқыту бас директоры Дирх Янс; ENAC вице-президенті Николя Казалис және басқалар бар.

Семинардың негізгі тақырыптарына салалық персоналдың қажеттіліктерін болжау жүйесін әзірлеу және авиация саласында оқыту мен практикалық қажеттіліктер арасындағы алшақтықты жою; жылдам технологиялық өзгерістер жағдайында авиация мамандарын қолдау және бейімделу дағдыларын дамыту; тәлімгерлік бағдарламалар, тәжірибе алмасу және стипендиялық бастамалар арқылы гендерлік теңдік пен жастардың қатысуын ілгерілету; және тұрақты және болашаққа бағытталған оқыту шешімдерін жасау үшін авиация экожүйесі бойынша серіктестікті нығайту кіреді.
Іс-шара авиация қызметкерлеріне арналған шешімдерді әзірлеуге және ИКАО «Авиация мамандарының келесі буыны» (NGAP) бастамасымен үйлесетін аймақтық және ұлттық стратегияларды әзірлеуге әкеледі.