Дүниежүзілік банк Қазақстандағы бірқатар инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға дайын

1056
Фотосурет: UKIMET

Үкімет үйінде вице-премьер Қанат Бозымбаев Дүниежүзілік банк делегациясымен кездесті. Кездесуде «Энергетика және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын жүзеге асырудың келесі кезеңдері мен тікелей шетелдік инвестицияларды тартуда банктің атқаратын рөлі талқыланды, деп хабарлайды DKNews.kz.

Келіссөздер барысында Дүниежүзілік банк өкілдері қолжетімді несиелеу құралдарын, қаржыландыру шарттары мен пайыздық мөлшерлемелерін ұсынды. Ал «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, негізгі секторлар бойынша 2029 жылға дейінгі жобалар пулын жасақтау үстінде. Бұл жобалар тізімі жан-жақты талдау және келісу үшін Дүниежүзілік банкке жолданады.

Сондай-ақ сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамыту саласындағы әріптестік перспективалары да қаралды. Еліміздегі бірқатар ірі су арнасына кешенді талдау жүргізіліп, Сумен жабдықтау және су бұру қызметтерін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленді. Дүниежүзілік банктің қаражатын гидравликалық жүйелерді орнатуға, су арналарын автоматтандыру және цифрландыруға бағыттау жоспарлануда. Банк несиесі есебінен алғашқы жобалар Астана, Ақтау, Петропавл, Талдықорған, Сарыағаш, Текелі және Қосшы қалаларында жүзеге асырылатын болады.

Алдағы кезеңде мелиорация жүйелерін, сондай-ақ жылу және энергетикалық желілерді жаңғырту бойынша тағы екі жол картасын әзірлеу көзделген.

Кездесу соңында Қанат Бозымбаев еліміздің стратегиялық маңызы бар инфрақұрылым нысандарын жаңғырту жұмыстарына белсенді атсалысуға дайын екені үшін Дүниежүзілік банк тобына алғысын білдірді.

«DKnews.kz» халықаралық ақпараттық агенттігі Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінде тіркелген. Есепке қою туралы куәлік № 10484-АА 2010 жылдың 20 қаңтарында берілді.

Тақырып
Жаңарту
МИА «DKnews.kz» © 2006 -