«Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын реттеу және дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобалары Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бірінші оқылымда қаралды, деп хабарлайды DKNews.kz.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова өз сөзінде Банктер туралы жаңа заңның құрылымы айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Қолданыстағы нормаларға ревизия және оңтайландыру жүргізілді, банктерде корпоративтік басқару, іс-қимылды қадағалау, төлемге қабілетсіз банктерді реттеу бойынша жаңа бөлімдер көзделген.
Заң жобаларында банк қызметін реттеудің негізгі мақсаты ретінде банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету айқындалды.
Құжат банк жүйесінің жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін құруға, реттеу мен қадағалау тетіктерін жетілдіруге, салымшылардың, банктердің кредиторлары мен клиенттерінің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, сондай-ақ адал бәсекелестікті дамытуға және халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған.
Негізгі бағыттарға банк қызметін тепек-тең реттеуді енгізу, қаржылық-технологиялық секторды дамыту және цифрлық қаржы активтерін реттеу, ислам банкингін дамыту, іс-қимылды қадағалаудың тәуекелге бағдарланған жүйесін қалыптастыру, төлемге қабілетсіз банктерді реттеудің жаңа тетігін құру және банктерді реттеуді жетілдіру жатады.
Отырыс барысында депутаттар негізгі ережелерді қозғап, талқылау қорытындысы бойынша заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.
Заң жобаларын қабылдау банк жүйесінің қаржылық орнықтылығын арттыруға, ұлттық заңнаманы халықаралық стандарттарға сәйкес келтіруге, бәсекелестікті дамытуға және қаржы секторындағы инновацияларды ынталандыруға ықпал ететін болады.